10 қаң, 2022 сағат 12:39

Теннис: Елена Рыбакина әлемдік рейтингіде үздік ондыққа жақындады


Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жаңартылған әлемдік рейтингіде 13-орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық спортшы өзінің рекордтық көрсеткішіне қол жеткізіп, үздік ондыққа жақындады.

Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 43-сатыда болса, Зарина Дияс 102-ден 108-ге сырғыды.

Жұптық сында Е.Рыбакина 50-ден 52-ге төмендесе, Анна Данилина 75-орында қалды. Жібек Құламбаева бірден 56 саты жоғарылап, 319-орынға жайғасты.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 35-орында болса, Дмитрий Попко 180-нен 177-ге, Михаил Кукушкин 182-ден 180-ге көтерілді.

Жұптық сында Андрей Голубев 27-інші, Мельбурн турнирінің финалына шыққан Александр Недовесов 69-орынға орнықты.

Елена Рыбакина тағы бір ірі дода – Сидней турнирінде өнер көрсетеді. Ол алғашқы айналымда өткен жылы іріктеу сайыстарынан өтіп, АҚШ ашық чемпионатының жеңімпазы атанған ұлыбританиялық Эмма Радуканумен шеберлік байқасады.