Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Сидней WTA 500 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, жапониялықтар Сюко Аяома – Ена Шибахарамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда жетінші геймде Анна мен Беатрис брейк жасап, сол басымдылықты сақтап қалды – 6:4. Екінші сетте тай-брейкте жапониялықтар әбжілдік танытты – 7:6 (7:2).
Супер тай-брейкте қазақстандық-бразилиялық жұп 5:2 есебімен алда тұрғанымен, қарсыластарының таразы басын теңестіруіне жол берді. Дегенмен сосын екі мини-брейк жасап, жеңісті жұлып алды – 10:6.
Анна мен Беатрис финалда германиялық Вивиан Хайзен – мажарстандық Панна Удвардимен бас жүлдені сарапқа салады.
Осылайша Данилина жұптық сында WTA 500 сериясындағы додаларда алғаш рет финалда бақ сынамақ.