Атырау облысындағы Теңіз кен орнында болған өрт кезінде бір техника жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін жергілікті уақытпен сағат 16:40-та Теңіз кен орнындағы жобаның мердігері – «Nasar Solution» ЖШС-нің өндірістік цехынан өрт шыққан. Жалынды ауыздықтауға ТШО-ның өрт сөндіру-апаттық құтқару қызметінің қызметкерлері жедел жетті. Ал, мердігер компанияның 15 қызметкері қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
«Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында «Nasar Solution» ЖШС-нің ашық аумағында бір-біріне жақын тұрған 20 контейнер мен металл бөшкелерде, сондай-ақ, пластмасса ыдыстарда сақталған тез тұтанатын сұйық қалдықтар жанған. Жалпы аумағы шамамен 2 800 шаршы метрді шарпыған өрттің салдарынан «Car» маркалы 1 жүк көтергіш техника жанып кетті. Жалын сағат 19:46-да оқшауланып, сағат 20:30-да сөндірілді», - деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.
Өртті сөндіруге ТШО-ның өрт сөндіру-апаттық құтқару қызметінің 17 қызметкері мен 4 техникасы, «COCR» ЖШС-нің 6 қызметкері мен 2 техникасы, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 12 қызметкері мен 2 техникасы жұмылды.