Кепілдік берілген өтемді төлеу аясында «Tengri Bank» АҚ салымшылары жалпы сомасы шамамен 14,5 млрд теңге немесе Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) міндеттемелерінің жалпы сомасының 81,5%-ын алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
25 қыркүйектен 19 қазанға дейінгі кезеңде 4 107 адам немесе барлық салымшылардың жалпы санының 11 пайызы өтем алуға өтініш берсе, шамамен 32,5 мың адам тиісті төлемді алуға өтініш бермеген. Олардың ішінде 929 салымшының шоттарында, карточкалары мен депозиттеріндегі қалдық соманың көлемі бір миллион теңгеден асатын болса, 1 291 адамның – 100 мың теңгеден милллион теңгеге дейін, 5 723 адамның мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін ақшасы бар.
Осыған байланысты Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры «Tengri Bank» АҚ салымшыларына Еуразиялық банктің жеке тұлғаларға қызмет көрсететін бөлімшелеріне жүгінуге кеңес береді. Агент банктің барлық қалалардағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары, сондай-ақ олардың жұмыс тәртібі www.eubank.kz ресми сайтында қолжетімді. Өтініш беру мерзімі – 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін.
Салымшылар кепілдік берілген өтем алудың өздеріне ыңғайлы кез келген тәсілін: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, ақшаны агент банктегі банк шотына аудару немесе кез келген басқа банк арқылы алуды таңдауға құқылы. Сонымен қатар агент банктің карточка шығару және оны тегін жеткізуге өтініш беру бойынша опциясын пайдалануға болады.
Агент банкке жүгінген кезде салымшы жеке басын куәландыратын құжат ұсынып, төлем алуға өтініш толтырса, жеткілікті. Өзіне тиісті сенімхат рәсімделген басқа адам да салымшының орнына өтініш бере алады.
Еуразиялық банк сайтынан кепілдік берілген өтем сомалары мен бөлімшелердің жұмысбастылығын тексеру бойынша онлайн-сервистерді пайдалану арқылы агент банкке келуді алдын ала жоспарлауға мүмкіндік бар.
Еске сала кетсек, «Tengri Bank»-те ашылған депозиттерінде, ағымдағы және карточкалық шоттарында ақшасы бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өтем алуға өтініш бере алады. Бұл ретте агент банкте кепілдік берілген максималды сома шегінде барлық салымшыларға ақша қарастырылған: теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден; теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден; шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні – 18 қыркүйекте белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).
Айта кетейік, заңды тұлғалардың депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде, оның ішінде Tengri Bank» АҚ-та орналасқан ақшалары ҚДКБҚ кепілдігімен өтелмейді. Заңды тұлғалар өтем алу үшін банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген соң, банктің тарату комиссиясына жүгіне алады.