Ұлттық банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова таяу болашақта теңгенің динамикасына әсер ететін негізгі факторлар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«АҚШ кірістілігінің өсуі және доллардың нығаюы аясында дамушы нарықтар бойынша сентименттің нашарлауы, коронавирустың жаңа толқындарының пайда болуы дамушы нарықтар валюталарының әлсіреу тәуекелін арттырды. Бұл шетелдік инвесторлардың теңгеге және теңгелік активтерге деген қызығушылығының төмендеуіне алып келді. Мен наурызда бейрезиденттердің жаңа инвестицияларының едәуір қысқарғанын атап өткен едім. Сәуірдің басынан бастап жаңа инвестициялар болған жоқ, ал 7-8 сәуірде Ресей рублінің күрт әлсіреуінен кейін NDF бойынша мөлшерлемелер 9%-ға дейін өсті. Бұл шетелдік инвесторлардың теңге бойынша қысқа позицияда орналасқандығының не теңгедегі ағымдағы ұзын позициялардың қысқарғанының белгісі болуы мүмкін. Хедж-қорлардың ұзын теңгедегі позициялардан ішінара шығуы байқалды», - дейді Ұлттық банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.
Алайда, долларға сұраныстың артуы бейрезиденттердің операцияларымен ғана байланысты емес.
«Біз дивидендтерді төлеу және оларды ішінара конвертациялау кезеңі есебінен шетел валютасына ішкі сұраныстың өсуін байқап отырмыз. Дивидендтік төлемдердің жоғарғы шегі 1-30 сәуір аралығындағы кезеңге келеді. Сондай-ақ, шетел валютасына сұраныстың өсуіне іскерлік белсенділіктің қалпына келуі ықпал етеді, іскерлік белсенділіктің ішкі индексі 2020 жылдың басынан бастап алғаш рет 50 белгісіне өтті. Операциялық және инвестициялық қызмет аясында заңды тұлғалар импортты қаржыландыруға валюта сатып алу көлемін ұлғайтты. Бұл биржадағы сауда-саттық көлемінің өсуінен байқалады», - дейді ол.
Сондай-ақ, нарықтық сентименттің құбылмалылығына қарамастан, теңгенің бұдан былайғы серпіні, ең алдымен, біздің негізгі экспорттық тауарымыз – мұнайдың бағасымен айқындалатын болады.
«Мұнай нарығындағы теңгерім өте әлсіз және көп жағдайда энергия тасымалдаушыларға сұраныстың орнықты түрде қалпына келуіне тәуелді. Өйткені мұнай нарығындағы өндіріс көлеміне қатысты келісімдермен реттелуі мүмкін ұсынысқа қарағанда сұраныс коронавирус жағдайының одан әрі дамуына және вакцинация қарқынына тікелей байланысты болып отыр», - дейді Әлия Молдабекова.