Теңгеге сыртқы нарықтағы оқиғалар мен сыртқы факторлардың түрлі бағытта әсер етуі туралы Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаменті директоры Нұржан Тұрсынханов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ең алдымен, теңгенің нығаюына мұнай бағасының өсуі әсер етті. Brent эталондық сұрыпты мұнай бағасын белгілеу бейсенбінің ашылу бағасымен салыстырғанда, жұма күні таңертең 5%-дан астам қосып, бұрын қол жеткізілген ең жоғары мәндерге қайта оралды. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы сәуірде өндіріс көлемін өзгеріссіз сақтау туралы күтпеген шешім шығарды. Бұл шешім мұнай нарығында қалыптасқан жағдайға себеп болды. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы өндірісті күніне 1 млн баррельге ерікті түрде қысқартуды сақтағысы келетін ниетін жеткізді», - дейді Нұржан Тұрсынханов.
МЭЕҰ+ министрлер кездесуі 4 наурызда бейсенбіде өткен болатын. Бұған дейін кездесу қорытындысы бойынша, елдер өндіруді күніне 0,5 млн баррельге арттырады деп келісілген болатын.
«Екінші жағынан, көптеген валюталарға қарсы АҚШ долларының нығаюы байқалды. ФРЖ жұмыспен қамту мен инфляцияда айтарлықтай ілгерілеуге дейін ынталандырушы монетарлық саясатты сақтауға міндеттеме бергенін мәлімдегенімен Дж. Пауэлл өзінің Wall Street Journal-ға берген кешегі сұхбатында жыл басынан бері облигациялар кірістілігінің өсуіне аса көп алаңдаушылық білдірмеді. ФРЖ басшысының сұхбаты АҚШ мемлекеттік құнды қағаздарының кірістілігінің өсуіне тағы бір серпін берді. 10 жылдық қазынашылық облигацияның кірістілігі 2020 жылғы ақпанның ортасынан бастап алғаш рет 1,57% деңгейіне жетті. Бұл Emerging markets тартымдылығының төмендеуіне әсер етті», - дейді Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаменті директоры.
ФРЖ басшысының мәлімдемесі АҚШ долларының әлемдік валюталарға, оның ішінде дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына ықпал етті. Оңтүстік Африка ранды бейсенбі күні таңертеңнен бастап жұма аралығында 1,5%-ға, Бразилия реалы 0,9%-ға, Мексика песосы 0,8%-ға әлсіреді.
Теңгеге қысымның қосымша факторы Ресей рублінің әлсіреуі болды. Ол Bloomberg хабарламасы аясында АҚШ пен Ұлыбритания химиялық қаруды пайдаланғаны үшін Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін талқылайтын дереккөздерге сілтеме жасай отырып, 0,7%-ға арзандады. АҚШ соңғы шара ретінде ЕО-пен бірге дербес борышқа санкциялар енгізу туралы мәселені қарастыратыны туралы хабарлады. РФ ОБ деректері бойынша, шетелдік инвесторлар жалпы нарықтың 23,4%-ын иелене отырып, федералдық борыштың рубльдегі облигацияларында 42,8 млрд доллар ұстайды», - деді Тұрсынханов.