10 қар, 2021 сағат 12:25

Теңге неге әлсіреді - Ұлттық банк түсіндірді


Мұнайдың қымбаттауына қарамастан, теңге бағамының әлсіреуі жалғасып келеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мұнай бағасының бір баррель үшін 84,4 АҚШ долларына дейін 7,5%-ке өсуіне қарамастан, экономикалық белсенділіктің қалпына келуі мен фискалдық серпіннің жалғасуымен қатар ұлттық валюта бір айда бір АҚШ доллары үшін 427,15 теңгеге дейін 0,3%-ке әлсіреді», - деді Е. Досаев Үкімет отырысында. 

Бизнес пен халық тарапынан сұраныстың өсуі аясында Ресей тауарларының импорты биылғы 2-тоқсанда жылдық мәнде 1-тоқсандағы 2,4%-тен 36,1%-ке дейін ұлғайды. Бұл қазанда теңге бағамының бір рубль үшін 6,5 теңгеге дейін немесе 3,4%-ке әлсіреуіне алып келді. 

«Сонымен қатар, базалық ставканың өсуі теңгедегі борыштық құралдардың тартымдылығын сақтайды, оған бейрезиденттердің қазанда Қазақстан Республикасында мемлекеттік бағалы қағаздарға салымдарының 863 млрд теңгеге дейін 75 млрд теңгеге өсуі дәлел болады. Шетелдік инвесторлар тарапынан шетел валютасының қосымша ұсынысы нарықтың өтімділігін жақсартуға және сұранысты ішінара қанағаттандыруға ықпал етеді», - деді Ұлттық банк төрағасы. 

Оның айтуынша, импорттың өсуі аясында валютаға орнықты сұраныс, оның шектеулі ұсынысы және сыртқы нарықтардағы құбылмалылығы теңге бағамына қысым жасауды жалғастырады.