14 там, 2018 сағат 10:59

Теңге ең сезімтал валюта емес - Ұлттық банк

ҚР Ұлттық банкі доллар бағамының өсу себептерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шілде айының соңында теңгенің биржалық курсы жыл басына қарағанда 4,3 пайызға әлсіреп, 1 АҚШ долларына 346,7 теңгені құрады. Теңгенің ағымдағы жылдың мамыр-шілде айларында әлсіреуі бірінші кезекте дамушы елдерді валюталарына АҚШ долларының жалпы нығаюымен және АҚШ Федералды резервтік жүйесінің пайыздық ставкасының артуы аясында дамушы нарықтардан капиталдың ығысуымен байланысты», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, дамушы нарықтардағы ортақ тенденция Қазақстанға да әсерін тигізді.

«Соңғы күндердегі ішкі валюталық нарықта орын алып отырған ахуал геосаяси қысым аясында негізгі сауда серіктес елдердің валютасындағы айтарлықтай құбылмалықпен түсіндірді. Мәселен, 13 тамызда теңге бағамы 1 долларға 363,22 теңгені құрап, тамыз айының басынан бері теңге 4,8 пайызға, ал жыл басынан 9,3 пайызға әлсіреді», - деді Ұлттық банк өкілі.

Олег Смоляков Ұлттық банктің валюта нарығындағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп отырғанын, қажет болған жағдайда қысқа мерзімді бағам ауытқуын тұрақтандыруға бағытталған интервенция жүргізуге дайын екендігін баса айтты.

«Бұл ретте қазақстандық теңге ең сезімтал валюта емес. Бірінші жартыжылдықта іргелі төлем балансы алдын ала бағалауларға қарағанда ағымдағы есепшоттардың тапшылығы өткен жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдайдан екі есе жақсы. Қаржылық есепшоттар бойынша теңгерімді ағынды көріп отырмыз және бұл толықтай алғанда жыл басынан бері 17 пайызға арзандаған ресейлік рубльге қатысты байқалады. Теңге біршама тұрақты», - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.