Теңге бағамы қаңтардың басынан бастап 1,7 пайызға нығайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы ақпан-наурызда мұнай өндіруді қысқарту туралы ОПЕК+ шешімінің есебінен биылғы жылғы қаңтарда мұнай бағасының өсуі орын алды. Баға өсуінің оң серпіні ақпанда да жалғасып, мұнай бағасы бір баррель үшін 63,3 АҚШ долларына жетті», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, мұнай бағасының өскенімен АҚШ долларының өсуі себебінен дамушы елдер валюталарының әлсіреуі орын алды.
Нәтижесінде қаңтарда Бразилия реалы 5,4, Мексика песосы – 3,3, Оңтүстік Африка ранды мен Ресей рублі - 3,2 әлсіреді.
Теңге бір АҚШ доллары үшін 424,21 теңгеге дейін 0,8 пайызға төмендеді.
«Республикалық бюджетке трансферт бөлу, квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюта түсімінің бір бөлігін сатуы аясында Ұлттық қор активтерін конвертациялау теңге бағамына оң әсерін тигізді. Биржадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша биылғы жылғы 15 ақпанда теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 416,92 теңге болып, ай басынан бастап 1,7 пайызға нығайды», - деді Ерболат Досаев.