Биыл елімізде көмір тасымалдауда теміржол тарифі қандай және баға өзгеруі мүмкін бе? Бұл сұраққа «Қазақстан темір жолы «Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының орынбасары Қанат Көбесов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көмір тасымалы бойынша теміржол тарифіне қатысты айтарым, бағаның өсуі болған жоқ және жыл соңына дейін бағаны өзгерту жоспарланбаған. Сондай-ақ, басқа жүктермен салыстырғанда көмір тасымалдау тарифінің ең төмен екенін айтқым келеді. Мысалы, көмірді тасымалдау бағасы қара металды тасымалдаумен салыстырғанда 5 есе төмен, қара металл сынықтары бойынша 4 есе және орман жүктерінен 2,5 есеге арзан», - деді Қанат Көбесов «Самұрық-Қазына» АҚ алаңында онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, ел ішінде көмір тасымалдаудағы көлік шығыны орта есеппен 8 пайызды құрайды.
Одан бөлек, спикер көмір тасымалдайтын теміржол вагондарына қатысты мәліметпен бөлісті.
«Бүгінде ҚР теміржол желісінде ашық вагондар паркі жеткілікті. Ел аумағында 64 мыңнан астам ашық вагон бар, олардың 55% қатты отынды тасымалдауға тартылған. Оның ішінде 21 мыңнан астам ашық вагон біздің компанияның еншілесі «Қазтеміртранс» АҚ-ға тиесілі, ол вагондардың 66% көмір тасымалдап жатыр», - дейді ол.