Теміртау қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға қатысты кешендік жоспардың жобасы таныстырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Теміртаудың экологиялық ахуалын жақсартуға қатысты мәселе билік, бизнес, қоғам, экологтар және халықаралық сарапшылар өкілдерінің кездесуі барысында талқыланды.
«Біз бірнеше рет кездесіп, бірлесе отырып Теміртаудағы экологияны жақсарту мәселелерін талқылаған болатынбыз. Мемлекеттік органдар, тәуелсіз экологтар, бастамашы топтардың мүшелері енген жұмыс тобы құрылған болатын. Жағдайды зерттеу бойынша белгілі-бір жұмыстар жүргізілді, соның нәтижесінде экологиялық жағдайды жақсартудың кешендік жоспарының жобасы құрылды - біз бүгін оны ортаға салып отырмыз», - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов кездесу барысында.
Аймақ басшысы Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығына қоршаған ортаның проблемаларын шешуге атсалысқаны үшін алғысын білдірді. Астанадағы қоғамдық ұйымның көмегіне Теміртау тұрғындарының бастамашы топтары жүгінген болатын. Олар қаладағы нашар экологиялық жағдайды айтып шағым жасаған.
Кешендік жоспар үш жылдық мерзімге шақталған - 2020 жылға дейін. Ол 8 блоктан құралады, оның әрқайсысы нақты шаралардан тұрады. Бағыттар әртүрлі: қоршаған ортаның жағдайын бақылап, көгалдандырудан басап, өндірістік жабдықтарды қалпына келтіру мен қалдықтарды басқару жағы қарастырылған. Басты мақсат - өнеркәсіптік қаланы таза және тұрғындар денсаулығы үшін қауіпсіз ету.
Жоба жасаушылардың есебі бойынша кешендік жоспардың барлық шараларын жүзеге асыру 50 млрд теңгеден астам қаражатты қажет етеді. Оны түрлі көздерден қаржыландыру жоспарланып отыр. Республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен, кәсіпорынның инвестициялары мен жеке қаражаттары, БҰҰ ДБ несиелері мен гранттарын тарту көзделген.
Қаладағы қоршаған ортаны басты ластаушы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы үш жылда табиғатты қорғау шараларына 6,5 млрд теңге беруді жоспарлап отыр. Жасыл белдеуді дамыту блогында тек ағаш отырғызу ғана емес, сонымен қатар Теміртаудың дендрологиялық жоспарын құру қарастырылған.
Дөңгелек үстелдің қатысушылары жобаға қатысты өз пікірлерін айтып, ұсыныстарын енгізді.
«Бұл соңғы нұсқа емес, жоспардың жобасы әлі де ашық. Сіздермен бірге толықтыратын боламыз», - деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Аймақ басшысы келешекте осындай кешендік жоспарлар облысымыздың барлық өнеркәсіптік қалаларында да құрылатынын атап айты.
Қарағанды облысының әкімдігі және Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, қыста Теміртауда қара түсті қар жауып, соған байланысты қоғамдық резонанс туындаған еді. Әкімшілік өкілдері мәселеден шет қалмады. Облыс әкімдігінде экологиялық жағдайды зерттеуге қатысты жұмыс тобы құрылып, жағдайды жақсартудың кешендік жоспары құрыла бастады.