Қарағанды облысы Экология департаменті «Қазгидромет» РМК филиалымен бірге Теміртау қаласында «қара» түсті қар жауғаны туралы БАҚ-та жарияланған ақпаратты назарға алды.
Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Facebook парақшасынан мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Министрлік таратқан мәліметтерге қарағанда, болған жағдайға байланысты тиісті шара қабылдау мақсатымен Қарағанды облысының Экология департаменті «Қазгидромет» РМК филиалымен бірге «АрселорМиттал Теміртау» АҚ санитарлық-қорғау аймағындағы атмосфералық ауаның химиялық құрамын тексеріп шықты.
Себебі, қаладағы негізгі ауаны ластаушы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Болат департаменті екені мəлім.
Оның шығарындысы - қала бойынша жалпы шығарындының 83%-і.
Қазгидромет РМК дерегіне қарағанда, 2020 жылғы 31 қаңтар-1 ақпан аралығында жайсыз метеорологиялық жағдай болған (желдің болмауы).
Қазірде Экология департаменті Арселор Миттал Теміртауға қатысты тексеру жүргізуде. Басқа да ірі кəсіпорындар тексеріліп, барлығының нəтижесі хабарланатын болады. Сондай-ақ, Экология департаменті 2019 жылғы желтоқсанда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысын тексеріп, ол бойынша ЖЭО-Бу-ауа үрлеу стансасы мен Қышқылды конвертер цехындағы өрескел экологиялық заңбұзушылықты анықтаған еді.
Департамент заңнама талабына сай, «АрселорМиттал Темиртау» АҚ-ға бірнеше миллиард зиян келтіру жəне оны белгіленген мерзім ішінде жою туралы ұйғарым берген.