Теміртауда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланбақ. Бұл туралы қала әкімі Қайрат Бегімовтің қаулысы «Ашық» НҚА сайтында ашық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Теміртау қаласының аумағында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Оны жою шараларына Теміртау қаласы әкімінің орынбасары В.М.Цай жетекші болып тағайындалсын», - деліген қаулыда.
Бұл шешімге қатысты Теміртау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Гүлнұр Әбдіғалиева түсініктеме берді.
«Теміртау қаласындағы №2 жылу магистралінде жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігіне байланысты жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайды жариялау туралы мәселе көпшілік талқылау үшін шығарылды. Қыс мезгілінде атаған жылу магистралінде апат болды. Әзірге қалада төтенше жағдай енгізілген жоқ. Егер енгізілген жағдайда қалада ыстық су болмайды», - деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз хатшысы.
Гүлнұр Әбдіғалиеваның айтуынша, жөндеу жұмыстары күзге дейін жалғасуы мүмкін. Сондықтан ол ыстық су да шамамен сол кезге дейін болмайтынын жеткізді.