Теміртауда футзал турниріндегі жаппай төбелестен кейін қылмыстық іс қозғалды. Төбелеске қатысушылардың барлығы полицияға жеткізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі футзалдан өткен турнирде болған жаппай төбелестің жай-жапсарын хабарлады. Белгілі болғандай, Наурыз мерекесіне арналған жарыс 21 наурыз күні Теміртаудағы спорт кешендерінің бірінде ұйымдастырылған.
"Полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу барысында төбелеске қатысушылардың барлығын анықтады. Турнир әуесқой футзал командалары арасында ұйымдастырылғаны белгілі болды. Екі команда арасындағы ойын кезінде спортшылардың бірі ереже бұзып, қарсылас команданың спортшысын итеріп жіберген. Осыдан кейін командаластарын жақтаған екі команда мүшелері арасында төбелес шыға бастаған", - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
"Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен "Бір топ адамдар жасаған бұзақылық" бойынша қылмыстық іс қозғады. Төбелеске қатысушылардың барлығына қатысты сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулылар шығарылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді ПД.
Еске салайық, бұған дейін Теміртауда футзалдан екі команда – "Имсталькон" мен "Ақ жол" ойыншылары төбелескені хабарланған болатын. Әлеуметтік желіде төбелестің видеосы тарап кетті. Оқиға Наурыз мейрамын тойлауға арналған турнирде болған. Жанкүйерлер де ойыншыларға қосылып төбелеске қатысқан.