25 қаң, 2018 сағат 12:04

Теміртау қаласының экологиялық жағдайына қатысты мәселелер талқыланды

Қарағанды облысындағы Теміртауда өткен экологиялық жағдай туралы кеңейтілген отырыста кәсіпорындардан шығатын қалдықтарды ауа райына қарай реттеп отыру мәселесі көтерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мен бұрын өнеркәсіп орындарында жұмыс істедім. Ол кезде қалдықтарды шығару көлемі ауа райына қарай реттелетін. Жел баяу кезде өндіріс қуаты 15-20 пайызға төмендетілетін. Қазір бұл тәртіп бар ма?», - деді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Бұрын аталған түйіткілмен Казгидромет айналысатын. Қазір жағымсыз метеожағдай бар, ал осыған орай заңды тұрғыда өндіріс көлемін реттеу мәселесі қарастырылмайды.

«Жағымсыз метеожағдайды кәсіпорындар да мемлекеттік құзыретті органдар да көзге іліп отырған жоқ. Мен бүгін сайтқа кірдім. Ол жерде Қарағандыда 24 қаңтар күні ауа ластануына әкеп соғатын жағымсыз метео жағдай деп жазылған. Енді қараңыздар, ақпарат жоқ емес бар, бірақ оған ешкім де назар аударып отырған жоқ», - деді «ЭкоМузей» мекемесінің директоры Дмитрий Калмыков.

Жергілікті Экология департаментінің деректеріне сүйенсек, 2017 жылы атмсфераға шығарылған зиянды қалдықтардың көлемі 290 мың тоннаны құраған. Оның басым бөлігі, 221 мың тонна, яғни 77 пайызы «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі.

Ерлан Қошанов компания өкілдеріне, сонымен бірге Теміртау қаласының әкімдігіне  қоршаған ортаның жағдайы бойынша қоғамдық мониторинг ұйымдастыру жөнінде тапсырма берді.

Еске сала кетейік, қаңтардың басында әлеуметтік желілер арқылы Теміртаудағы қардың қарайып кеткені туралы ақпарат тараған. Теміртаулықтан осыған байланысты белсенді топтарға бірігіп, мәселенің мәнісін анықтауды талап еткен болатын. Теміртау қаласы әкімінен қалаға жауған қардың беті әп-сәтте қарайып кетуіне байланысты экология департаментіне хат жолданды. Сондай-ақ бұл мәселені анықтау үшін арнайы жұмыс тобы да құрылды.