Теміртауда газ жарылып, тұрғын үйдің бір бөлігі опырылды. Оқиға салдарынан төрт адам зардап шекті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Бүгін 12:08-де Металлургтер даңғылы 5/2 мекенжайындағы бес қабатты тұрғын үйдің 3-ші қабатындағы пәтерде жарылыс болды. Оқиға салдарынан төрт адам зардап шекті, үш пәтерге зақым келген. Қазір оқиға орнында үйінділер тазартылып жатыр.
"Кіреберістің барлық тұрғыны, яғни 53 адам қауіпсіз жерге көшірілді, оның ішінде 7-і бала. 1989 жылы туған пәтер иесі жарақат алып, Теміртау қалалық ауруханасына жатқызылды. Оқиға орнында Қарағанды облысы ТЖ департаментінің 22 қызметкері мен 7 техникасы жұмыс істеп жатыр", - делінген ведомство хабарламасында.
Оқиға орнында облыс әкімінің орынбасары Вадим Басин, Теміртау қаласының әкімі және барлық шұғыл қызметтер бар. Жедел штаб құрылды.