Парламент Сенатының жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келісім жобасында 2024 жылдан бастап индикативтік мөлшерлеме мен одан ауытқу диапазондарын қолдану, ЕЭК Кеңесіне акциздердің индикативтік мөлшерлемесін бекіту және негізделген экономикалық тұрақталық болған кезде оларды өзгерту бойынша өкілеттіктер беру көзделеді. Акциздер ставкаларын жақындастыру 2024 жылдан бастап жүзеге асырылатын болады. Әрбір бес жыл сайын бірыңғай индикативтік мөлшерлеме және одан ауытқу диапазоны белгіленеді», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Оның айтуынша, 2024 жылы сигареттерге қатысты индикативтік мөлшерлеме 1000 дана үшін 35 еуроға эквивалентті мөлшерде ұлттық валютада белгіленген.
«Үйлесімділікке қол жеткізу мақсатында 2024 жылы темекіге арналған акциздердің нақты мөлшерлемелері 20 пайыз шегінде индикативтік мөлшерлемеден көп немесе аз болуы мүмкін. Заң жобасы темекі өнімдеріне арналған акциз мөлшерлемелерінің ұлғаюы есебінен бюджетке қосымша түсімді қамтамасыз етеді. Осылайша, Келісім Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағында темекі өнімдерінің акциздерін салу саласында бірыңғай практика қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді министр.