16 мам, 2022 сағат 14:38

Текелідегі көшкін: қаза тапқан қыздың анасы оқиғаның мән-жайын айтты

Фото: Сандуғаш Дүйсеновадан

Текеліде көшкін кезінде өлі табылған бес жасар қыздың анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Көшкін 15 мамырда сағат 11.40 шамасында жүрген. Шамамен, бес үй көшкін астында қалып қойған. Солардың бірінде бес жасар Жанбота болған. 

Фото: Сандуғаш Дүйсеновадан

"Оған дейін жаңбыр қатты жауды. Мен моншада болғанмын. Қызым ол кезде үйде қуыршақтарымен ойнап отырған. Оған дейін көшкін болады дегенді естімедік. Ештеңе күтпедік. Жайбарақат үйде отырғанбыз. Оқиғадан кейін мен есімнен танып, ауруханада бір-ақ ояндым", - дейді Гүлнара Тілеухан. 

Оның айтуынша, үлкен қызы ол кезде көрші ауылда болған.  

Көшкін салдарынан Гүлнара Тілеуханның үйі түгел қираған. Үйді тазалау жұмыстарымен ТЖ қызметкерлері айналысып жатыр. Бүгінде Гүлнараның отбасына әкімдік өкілдері мен тұрғындар көмектесіп жатыр. Жанботаның жаназасы ертең, 17 мамырда болады.  

Текелі әкімінің орынбасары Бауыржан Тобылбаевтың сөзінше, көшкіннен зардап шеккен барлық отбасына көмек көрсетіледі. Сондай-ақ Тобылбаев адамдарға алдын ала неге ескерту жасалмағанын түсіндірді. 

"Мұндай оқиға болатынын ешкім күткен жоқ. Түні бойы жаңбыр жауды. Үйлер тауға жақын орналасқан. Жоғарыда тағы бір көше болған, ол жерде де адамдар тұратын. Қазір ешқандай қауіп жоқ, бәрі біртіндеп үйіне оралып жатыр. Зардап шеккендерді уақытша қонақүйге орналастырдық", - дейді ол. 

Сондай-ақ жергілікті билік үйсіз қалған адамдардың тұрғын үй мәселесі шешілетінін айтты. Бауыржан Тобылбаевтың сөзінше, қираған үйлер қайта жөндеуге жарамайды.