20 шіл, 2022 сағат 19:07

Текеліде тұрғындар мектеп ауласындағы қарағайлардың кесілуіне қарсы шықты


Жетісу облысының Текелі қаласындағы №8 мектептің ауласындағы қарағайлардың кесілуіне тұрғындар қарсы шықты. Осы жайттан кейін бірден мектеп директоры кесілген ағаштардың орнына жаңасын отырғызып, оны жайқалтуға міндеттелді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жас қарағайларды кесіп тастады. Мектеп ауласымен жүру мүмкін емес. Бұл қарағайларды біз сыныптастарымызбен 1989 жылы өзіміз отырғызған болатынбыз. Жас ағаш. Сұмдық-қой!» - дейді қарағайлардың жаппай кесілгенін видеоға түсірген автор. 

Текелі қаласының әкімдігі осы жайтқа байланысты былай деп жауап берді. 

«15 шілдеде қала әкімінің бастамасымен Текелі қалалық Қоғамдық кеңесінің кезектен тыс отырысы өткізілді. Жиында №8 орта мектебінің аумағында орын алған мәселе (құзырлы органдардың рұқсатынсыз ағаштарды кесу бойынша) талқыланды. Отырыста Текелі қаласының әкімі Б.Молдахметов, мәслихат хатшысы Н.Калиновский, білім бөлімі басшысы Н.Естібаев, полиция бөлімі басшысының орынбасары А.Битаев, №8 орта мектебінің директоры Ж. Жакпекова және жергілікті БАҚ өкілдері пікірлерін ортаға салды. 

Жиын соңында мектеп директорына заң аясында шара қолданылып, кесілген ағаштардың орнына 10 еселенген мөлшерде көшеттер отырғызып, оның көгалданып өсуін қадағалау ұсынылды», - делінген Текелі қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.