06 нау, 2022 сағат 13:13

Текеліде төбесі опырылып түскен апатты үйлер сүріліп, тұрғындар басқа баспанаға көшіріледі


Алматы облысының Текелі қаласындағы апатты үйлердің де мәселесі кезең-кезеңмен шешіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төле би көшесіндегі апатты деп танылған бірнеше үйдің тұрғындары қаладағы басқа пәтерлерге көшіріліп, сүрілген құжыралардың орнына көпқабатты үйлер салынады. 

Бұл туралы Қанат Бозымбаев осы апатты үйлердің тұрғындарымен кездесуінде айтты. 

«Алдымен тұруға аса қауіпті деген үйлерден бастайық. Сол үйлердің тұрғындарына қалада сатылатын пәтерлерден баспана алып беріледі. Ал сүрілген үйлердің орнына көпқабатты типтік үлгідегі тұрғын үйлер салу керек. Шамамен екі жылдың ішінде апатты үйлердің мәселесі толық шешіледі», - деді ол тұрғындармен әңгіме барысында.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр мамыр айында Текелі қаласындағы апатты үйлердің бірінің төбесі ортасына түскен  болатын. 

Сол кезде әкімдік өкілдері 2020 жылдан бері осы үйлерді сүру мәселесін көтеріп, бюджетке қаражат бөлінуге сұраным жіберілгенін, бірақ ақша бөлінбей жатқанын жеткізген болатын.