27 қыр, 2019 сағат 16:30

«Тегін тұсаукесерде 99 пайыз қазақ отырып, орысша кино көреміз»

«Томирис» тарихи көркем фильмін көріп қайттым. Дыбыстау (озвучка) кезінде екі ай бойы көріп, көзім сүйел болған фильмім ғой, дегенмен кинотеатрдан көргенге ештеңе жетпейді. Өйткені теледидарда көркем фильмнің дыбысы, бояуы, арнайы эфектілерінің əсері шамамен жартысына дейін жойылады. Сондықтан көркем фильмдерді тек кинотеатрдан көрген абзал. Өйткені қазіргі (IMAX, Dolby) т.б. кинотехнологиялардың дамып кеткені соншалықты – əлемдік телетехнология əсіресе олардың аудиожүйелері орта жолда шаң қауып қалды. Сондықтан кез келген көркем фильмге сын айтпас бұрын əуелі жаңа картинаны қазіргі замандық кинотеатрлардан көріп алып барып айтқан жөн.

Сонымен «Томирис» фильміне келейік. Осы саланың ішінде жүрген киногер ретінде айтарым – алдымен, фильмді арпалысып жүріп түсіріп, жарыққа шығаруға алапат қажыр-қайрат жұмсалғаны байқалады. Əрине негізгі салмақ режиссерге түскені сезіледі. Ақан Сатаев өзіне түскен мың сан батпан жүкті кəтепті қара нардай тартып шыққан. (Өзінің де қу жаны қалыпты).

Қысқасы кейбір ұсақ-түйек кемшіліктерін есепке алмағанда режиссер Ақан Сатаев «Томирис» фильмі арқылы қазақ киносын жаңа бір белеске көтере алған. Ақанның бұл фильмі – Отандық киномамандардың ортақ табысы дер едік. Бұл фильм арқылы біз еліміздегі киномамандардың (оператор, қоюшы-суретші, костюм суретшілері, реквизит мамандары, каскадерлік трюктер мен батальдік сахна қою шеберлері, монтаж, компьютерлік графика, цветокоррекция, жарық қою, грим т.б.) жетілгенінің, ілгерлегенінің куəсі болдық.

Мемлекет молырақ қаржы бөліп, қазақ киногерлеріне енді осындай ірі масштабтағы тағы бір-екі тарихи фильм түсіртсе, кинотехнологиялары дамыған ілгері елдердің біразын қуып жетіп қалатын түріміз бар.

Сонымен көрсетілімге бардық. Жанымызды жабырқатқаны, бүгінгі Алматыдағы (кешегі Астанадағы да) көрсетілімді ұйымдастырушылар фильмнің орысша нұсқасын қойыпты. Мемлекеттік тілге деген осындай өрескел əдепсіздік өрекпіген көңілімізді су сепкендей басты.

Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейін фильм сақ заманының атмосферасын беру үшін көне түрік тілінде түсірілді. Міне, осы көне түрік тілінен аталмыш туынды қазақ тіліне аударылды. Қазақша аудармасын жасаған – мен. Маған дейін бірнеше аудармашы талап қылған екен, бірақ көңілдегідей киноға лайықтап тəржімалай алмапты. Кейін фильм режиссерінің өтінішімен бастан аяқ қотарып аударып шықтым. Алайда аудармамды «Сатайфильмге» тапсыру оңай болған жоқ. Режиссер Ақан Сатаев жүз беттей аудармамды бір айға жуық уақыт қабылдады. Күнде жылан арбаған торғайдай бір-бірімізге қарап бірнеше сағаттан аңдысып отырамыз. Сөйлем түгілі əрбір сөзге үңілісеміз. Менің кез келген тарихи фильмді жазғандағы басты қаруым – қазақтың ескі қолды жалпақ тілі. Осыны қырнап, жонып кинотіліне келтіремін, ыңғайлаймын. Орнымен қолданған архаизмдер фильмге ескіліктің сарынын естіріп, бағзылықтың атмосферасын береді. Режиссер Ақан Сатаев менің бұл тәсіліме кет əрі емес, бірақ бұл ескі сөздер жаңа көрерменге түсінікті болсын деп талап қояды ол маған. Міне, осы жерге келгенде бұл пақырыңыздың «қиналған Жамбыл жері осы» болады. Сөйтіп современный көрермен түсінбейді деген үкіммен талай қария сөздерім құрбандыққа шалынды ғой. Есіме түссе əлі ішім удай ашиды.

Несін айтасыз, сол есіл еңбек бүгінгі көрсетілімде желге ұшты. Көрсетілімге фильмнің орысша нұсқасы қойылыпты. Айтпақшы фильмнің орысша нұсқасы қазақша субтитрмен, қазақша нұсқасы орысша субтитрмен жасалған болатын.

Неде болса кешелі-бүгінгі көрсетілімде мемлекеттік тілдегі нұсқасы көрсетілгені жөн еді. Өйткені ащы да болса ақиқат қазақ тілді көрермен кинотеатрға бармайды. Ютубқа шыққанын аңдып, диванда жатады. Ал киноны көретін орыстілді көрермен. Кейінгі кинорынокты зерттеу нәтижелері осыны көрсетті. Бұл - рас. Өз басым «Қазақфильмнің» жаңа туындысы шыққан сайын Алматы кинотеатрларына барамын. Сонда қазақ залында шошайып бес-алты көрермен отырады попкорндар қытырлатып, коласын қылқылдатып. Ал орыс тілді көрермен қашан көрсең кез келген кинотеатрда сары ормандай самсап отырады. (Өкініштісі соның барлығына дерлігі қазақ жастары.)

Ал кинотеатрлардың бəрі жекеменшік, олардың бар мұраты молырақ ақша табу. Сол үшін олар prime-time уақытына орыс тіліндегі фильмдерді қояды. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» деп мемлекеттік тілдегі фильмдерді көруге қолайсыз уақытқа суықпейілмен сырғытып жібереді. Бұл проблема «Қазақфильмнің» əрбір туындысы шыққан сайын көтеріледі, сонан соң аяғы сиырқұйымшақтанып кетеді, себебі тіреп тұрған көрермен жоқ. Қазақ тілді көрермен жер қайысқан қолдай иін тіресіп, кинотеатрдың алдына лық толып, ақырып теңдік сұрап тұрса, кинотеатр басшылары да именер еді, илігер еді. Қанша айтқанмен көп қорқытады ғой.

Осыған орай биыл жазда осындайда айтпасқа болмайтын оқиға болды. 2016 жылы түсірілген «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмі YouTube видехостингіне жүктелді. Сол-ақ екен көрермен орыстілді нұсқасына бүгінгі «Томирис» фильміндегі парсыларға тап берген сақтардай лап берді. Бірнеше аптаның ішінде-ақ көргендер саны миллионнан асып кетті. Астына жазылған комментариилердің өзі жетпіс мыңнан асып жығылды. Пікір айтушылардың бір шеті Түркия, мына шеті Сахалин аралдарына дейін жетті. Олардың ішінде «Қазақ хандығы» жайлы, жалпы фильм туралы бағалы пікір айтушылар басым болды. Арасында ұлт араздығын қасақана қоздырушы кəззаптар да болмай қойған жоқ. Ақырында осылардың кесірінен жоғарыдан пəрмен келіп, фильм желіден ағытылып тасталды. Ал керісінше қазақ тілді нұсқасын ат төбеліндей-ақ көрермен көрді жəне көрген бауырларымыз астына өте дөрекі пікірлер қалдырып отырды. Негізсіз пікірлер жазып, өте сауатсыз сындар айтты. Бұл əрине түсірушілер тобына əсіресе фильмнің режиссерінің жанына бататыны аян. Сондайда не деп жұбатарыңды білмейсің. Кілең негатив есту кімге де болса оңай емес. Іштей қынжылып қойып, жүре бересің. Бірақ есіл еңбегіңе (Бұл тек киноға байланысты емес) кім-көрінген улы тілін безеп жатқанда ішінде бір нəзік қылдардың бырт-бырт, тырс-тырс үзіліп жатқанын сезесің. Қайтесің, шегірткеден қорықсаң егін екпе.

Осыдан кейін кез келген режиссердің ойланып қалатыны хаһ. Өйткені қай режиссер болсын түсірген фильмімді əуелі туған халқым көрсе екен дейді. Ал туған халқының фильм көру көрсеткіші əзірше əлгіндей. Осындай келеңсіздіктерді көрген көңілі жадау режиссер орыс тіліндегі нұсқасын көрсетеміз деген ұйымдастырушыларға «болсын» дейтін сияқты... Əйтпесе, мынау не сұмдық, тегін тұсаукесерде 99 пайыз қазақ отырып, орысша кино көреміз?!

Ерлан Төлеутай

(Фейсбук парақшасынан)