28 шіл, 2020 сағат 15:11

«Таза Қазақстан»: Алматы полициясы табиғатты ластаушыларға айыппұл сала бастады

Алматы полициясы тұрғындарға табиғатты ластағаны үшін айыппұл сала бастады,– деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қоршаған ортаны қорғау және оның ластануының алдын алу мақсатында қазіргі уақытта қала аумағында экологиялық заңнаманы бұзушылардың әрекеттерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Таза Қазақстан» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. 

«Соңғы кездері жеке азаматтар мен заңды тұлғалар өздерінің экологиялық мәдениеті төмен болғандықтан, өз әрекеттерімен Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзатын, осылайша қоршаған ортаға үлкен зиян келтіретін жағдайлар жиілеп кетті. Жақында, рейд шарасы кезінде Алмалы ауданының экологиялық полициясының қызметкерлері көпқабатты үйлердің аулаларының бірінде абаттандыру, жасыл алаңдарды күтіп ұстау және қорғау ережелері өрескел бұзылғанын анықтады. Мердігер аулада жөндеу жұмыстарын жүргізді, заң нормаларын сақтамай, рұқсатсыз ағаштарды кесумен айналысты, сонымен қатар қолданыстағы заңнамада рұқсат етілмеген құрылыс қалдықтарын жасыл алаңда сақтады. Осы учаскедегі жөндеу жұмыстарына қатысқан мердігерлер ҚР ӘҚбК-нің 386 және 505-баптары бойынша әкімшілік жауапқа тартылды», – деді Алматы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров. 

Сондықтан, Полиция департаменті қала аумағында және оның шетінде рұқсатсыз қоқыс тастауға тыйым салынғанын ескертеді.