Тәуелсіздіктің төл құрдастары биыл 27 жаста. Егемен елмен бірге өсіп келе жатқан олардың мақсаты айқын, ойы азат. Керісінше болуы мүмкін де емес. Өйткені 1991 жылы туған ел азаматтары бодандықтан бостандыққа аяқ басқан шақта өмір есігін ашты. Ал, бүгінде олар ел үмітін арқалаған жастық шақтан, бір үйдің жауапкершілігін арқалаған ана мен әкеге айналып отыр.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары дүние есігін ашқандардың бірі — Нұрсұлтан Мыңғышев. Қазақтай азат халықтың баласы ұлттық спортқа жақын. Өмірін қазақ күресіне арнаған балуан бүгінде көкпар мен аударыспақты да жанына серік етіп жүр. Қазақстан барысында бағын сынаған спортшы тәуелсіз елдің құрдасы болғанына мақтанады. Және жауапкершілігінің де аз еместігін айтуда.
Нұрсұлтан Мыңғышев, Қазақ күресінен спорт шебері: «Еліміздің тәуелсізідігімен барлығы да мақтануы керек деп ойлаймын. Осындай жетістікке жетіп жатқанымыздың барлығы да тәуелсіздіктің арқасында»
Қой жылы туған қазақ ұрпағының қатары тек мықтылармен толысқандай. Бірі ел намысын қорғап жүрген спортшы болса, енді бірі елдің үні, құлағы һәм тіліне айналған журналистер. Осындай төртінші билік өкілдерінің бірі — Мөлдір Бекеева. «Нұр Отан» партиясы мен «Журналистер одағының» мүшелігіне енген әріптесіміз азат елдің беріп жатқан мүмкіндіктерінің мол екенін айтуда.
Ал, ұлттық аспабымыз домбыраны серік еткен Жандос Құлымбетов шәкірт тәрбиелеп жүр. Күй өнерін қаракөздерімізге үйретіп жүрген оқытушы бір үйдің отағасы.
Жандос Құлымбетов, күйші: «Тәуелсіздік дегеніміз басқа елдермен тереземіз тең болу деген сөз. Тәуелсіздікпен құрдаспыз. 27 жылда қол жеткізген жетістігіміз көп. Отбасын құрып кішкентайлы болдық. Бірнеше оқу орынын бітірдім».
Тәуелсіздік алған жылы өмір есігін ашқандар бүгінде бірқатар белестерді бағындырып үлгерді. Олардың қатарында спорт жұлдызы Данияр Елеусінов, әнші Али Оқапов та бар.