Түркістан облысы Мақтаарал ауданының Тәуелсіздік құрдастары аудан жастарына Үндеу жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
***
«Қадірлі замандастар!
Құрметті Мақтааралдық жас жерлестеріміз!
Біз еліміздің азат атанғалы бергі тарихымен қатарлас – «Тәуелсіздік құрдастары» екендігімізді мақтан тұтамыз. Қаншама жылдардан бері біздің ата-бабамыз азаттықтың ақ таңын аңсап келгендігі көне тарихтан белгілі. Тәуелсіз болу бағытындағы күрес – ата-бабаларымыздың жерін, елін қорғап қалудан бастау алып, бертін келе қазақтан шыққан «Алаш» зиялыларының қажырлы іс-әрекеттерінен көрініс тапты.
Жаңа қоғамдағы ең бір елеулі, бүкіл қазақ жастары жұмылған көтеріліс – «Желтоқсан оқиғасы» болды. Осы бір жастардың Алматы қаласындағы көтерілген толқынының әсері – 1991 жылы қол жеткізген азаттықтың бастауы болды деп айтуға негіз бар. Халқының болашағы үшін көтеріліске шыққан қаншама боздақтар – қыршынынан қиылып, қудалауға ұшырады. Сол оқиғаның белсенділері Қайрат, Ләззат секілді аға-апаларымыз біздің жадымызда мәңгі сақталмақ.
Біз өз Отанымыздың өзге бір мемлекеттің қол астында болғандығын көзімізбен көрмесек те, ата-аналарымыздан және білім ордасында оқып-білдік. Сол бодандық жылдары мен бүгінгі күнді салыстырып қарау мүлдем мүмкін емес. Бүгінде Қазақстан өзіндік сипатымен, өркендеу жолымен, саяси ұстанымымен әлемдік аренада ерекшеленген мемлекет.
Тәуелсіздік алған 27 жылдың ішінде экономикамыз дамып, халқымыздың әл-ауқаты жақсарды. Тіліміз, дініміз, мәдениетіміз жандана түсті.
Елде қоғамдық-саяси тұрақтылық берік орнады. Дінаралық келісім мен ұлттар арасындағы татулық отандастарымыздың басты құндылығына айналды.
Нәтижесінде жастар саясатына деген бетбұрыс қарқын ала бастады. 2004 жылғы 7 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң қабылданды. Осы заң негізінде жастар саясатының негізгі бағыттары айқындалып, олардың әлеуметтік, саяси құқықтары нақтыланды. Бұл үрдістер жыл артқан сайын өзінің жалғасын табуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Жолдау еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды. "Біз Қазақстанның болашағы саналатын жастарды қолдауымыз керек. Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын", - деді Мемлекет басшысы.
Қадірлі жастар!
Еңселі елдің ертеңі – жастар, біз болмақпыз. Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар. Сондықтан, Тәуелсіздігімізді ардақтап, басты байлығымыз екенін әрқашан есте сақтайық.
Ел болашағы – білімді, іскер жастардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге елімізді өркендетуге үлесімізді қосуға атсалысайық!
Біз Тәуелсіздік алған жылы дүниеге келген түлектер аудан жастарын ауданның, ауылдың өркендеуіне лайықты үлес қосуға, белсенді, білімді болуға шақырамыз», - делінген Үндеуде.