15 жел, 2022 сағат 21:13

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласында 600 орындық жаңа мектеп ашылды


Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласында 600 орындық жаңа мектеп ашылды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа білім ұясы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген. Жаңа мектептің ашылу рәсіміне Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков қатысып, ата-аналар мен оқушыларға ізгі тілегін жеткізді.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген 10 Ұлттық жобасында білім беру бағытына баса назар аударылған. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің тірегі — жас буынның сапалы білім алуы үшін жасалған жағдайлар. Өйткені, сапалы білім ғана саналы ұрпақтың қалыптасуына ықпал етеді», деді қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков.

«Арман – M School» мектебінде жайлы сыныптар мен асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медицина бөлмесі сияқты маңызды бөлмелермен қамтамасыз етілген. Сонымен қоса, жеке пәндерге арналған арнайы кабинеттер де қарастырылған. Енді «Бірлік» мөлтек ауданында орналасқан Е.Иззатуллаев атындағы жалпы орта мектебінде үш ауысымда білім алып келген 1700-ден астам оқушының 650-і жаңа мектепте оқитын болады.

Жалпы облыс орталығындағы 34 мемлекеттік, 27 жекеменшік мектепте 50 мыңнан астам оқушы білім алып, 5 мыңға тарта педагог жұмыс істейді.

Алдағы уақытта қала аумағында 11 мектептің құрылысы жоспарлануда: 2 мектеп республикалық бюджет есебінен, 9 мектеп «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында бой көтереді.