02 нау, 2017 сағат 10:14

Тәуелсіздік көше атауын өзгертумен өлшене ме?

Теріскейде тәуелсіз ел екенімізді дәлелдеу көше мен елді мекен атауларын ауыстырудан аса алмай тұр. Шынын айтқанда, соның өзіне қолымыз жете бермейді. Айталық, оңтүстік облыстарда әкімқаралар, бай-бағландар әке-шешелерінің атына көше беріп қойғанын БАҚ беттерінен оқып жүреміз. Ал бұл жақта қазақша атауға байланысты кез келген шаруа бітпейтін дау-дамайға айналады.

Жуырда Павлодар облысы әкімінің есепті жиналысында зейнеткер Евгений Азаров деген қарияның қаладағы «Кутузов пен Ленин атындағы көшелердің атауын өзгертейік» деген ұсыныс айтқанын хабарлағамыз. Бұл бұған дейін де қозғалып жүрген шаруа болатын. Бірақ «дуалы ауыздан» шықпағасын, ешкім елеп-ескере бермеген. Енді осы ұсыныс тұңғыш рет облыс әкіміне тікелей ауызба-ауыз жеткізілді. Және оны айтқан жергілікті ұлттың да өкілі емес. 
Міне, осыдан соң аймақтағы ұлт жанашырлары, қазақтілді журналист қауым әлеуметтік желілердің бетінде дүрлігісіп жатыр. Ынталы топ құрайық деді, әкімнің атына хат жазайық деді. Әйтеуір ұсыныс көп. Және ешкім де аты-жөнін жасырмай, пікірлерін ашық жариялауда. Бір таңғаларлығы, көше атауларын өзгертуге қарсылық танытып жатқандардың көбі – өзіміздің қандастарамыз. Ішінде жасы да, жасамысы да бар. Ертең осы мәселе дауысқа салынар болса, бұлардың басқалармен бірге қарсы тұрары сөзсіз.

Ғ. атты бір қандасымыз: «Мен бұл секілді өзгертулерге қарсымын. Ондаған жыл осы атаулар қаланың және мыңдаған адамдардың өмірінің бір бөлшегіне айналды. Тарихты қайта жазып керегі не?» дейді. 

Оған А.есімді бір қандасымыз: «Түсінесің бе, Ғ. Кейбір жаңашылдар осындай әдіспен мыңдаған жылдар өтсе де сақталатын естелік қалдырғысы келеді» (орысшадан аударып беріп отырмыз) – деген кекесінді жауап айтады. 

Бұл секілді жазбаларды жүздеп келтіруге болады. Мәселе жоғарыдағы ұсынысқа қанша адамның қарсы болғанында емес. Жығылған үстіне жұдырық дегендей, өз бауырларымыздың ұлттық құндылықтарды менсінбегеніне амалсыз ішің ашиды. Бұл шынын айтқанда, ұлт ретінде ұсақтап бара жатқанымыздың белгісі ме деп ойлайсың.

ӘКІМДЕР АШЫҚ ӘҢГІМЕДЕН ҚАШАДЫ

Павлодардың дәл түбінде (қаланың құрамына кіреді) Ленинский деп аталатын кент бар. Жергілікті ақсақалдар міне, 7-8 жылдан бері осы елді мекеннің атауын ауыстырамыз деп шаршады. Бір ғажабы, жайшылықта көзге түсе бермейтін егде жастағы орыстілді ағайындар мұндай кезде тайлы-таяғы қалмай өре тұра келеді. Айтатын сөздері жаңағыдай: «Бұл – біздің тарихымыз, ауыстыруға болмайды!». 

Апырмау, сонда 70 жылдық Кеңес одағының тарихы сан ғасырлық халқымыздың тарихынан артық болғаны ма?! Бұлар өздері ауасын жұтып, суын ішіп отырған Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін, оның өткен тарихын неге құрметтемейді? Сонда олардың көксегіні не?

Осының бәрін халыққа дау-дамайсыз түсіндіріп беретін облыстың, аудандардың, қалалардың ішкі саясат басқармалары қайда қарап отыр? Кабинеттерде тығылып отырғанша, олар неге ашық әңгімеге шықпайды? Қарсы болып жүргендер сонда бірдеңені түсініп, мәмілеге келер еді дейсің. Бірақ шенеуніктер ондайға өлсе де бармайды. Осындайда қатардағы хатшы болып жүріп, Торғайды Торғай етіп, Арқалықты Алашқа танытып кеткен Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз еріксіз еске түседі.

ЛОМОВ ПЕН ЛЕНИН ЕСКЕРТКІШІ ӘЛІ ТҰР

Павлодарда Ломов деген адамның атында үлкен көше бар. Бұл қандай мықты екен деп сұрастырып көрсек, кезінде құрылыс тресінің бастығы болған екен. Жарайды, кім де болса бұл кісі талай жыл құрылысқа басшылық еткен шығар. Бірақ кім еңбек етпеді ол кезде, кім тер төкпеді? Кеңес уақытында мекемеге басшы болғандарға бере берсек, қалада көше жетпей қалады ғой. Ал енді сол көшені қазір өз ұлтымыздан шыққан бір жақсыға берем деп көрші, бітпейтін дау-дамай туады.

Бүгінде Ленинді сонша дәріптеп отырған тек Қазақстан ғана. Еліміздің кез келген қаласында әлі де екеуден, үшеуден Лениннің ескерткіштері тұр. Көріп жүрміз, жергілікті билік жылма-жыл жөндеп, күтіп ұстап отыр. Егер заман өзгере қалса, қайтадан шығара қоямыз деген секілді. Қазіргі ұрпақ Ленинің кім екенін де білмейді. Ендеше ескерткіштер кім үшін, не үшін тұр? Неге бұзып тастамаймыз? Жоқ, бұзуға болмайды! Онда шу шығады. Шенеуніктерге айқай-шудың қажеті жоқ. Мұндай шаруадан олар қашып жүреді.

Сайлау БАЙБОСЫН, 
Павлодар облысы

"Жас Алаш" газеті