17 мам, 2022 сағат 17:52

Тауда жоғалған бала үш шақырым шалғай жерде табылды


Алматы облысында ата-анасымен бірге орманда саңырауқұлақ теруге барған төрт жасар бала жоғалды. Жүздеген адам оны үш сағат бойы іздеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, 16 мамырда кешкі сағат 20:30 кезінде Кербұлақ ауданындағы Доланалы ауылына жақын жерде баланың жоғалғаны туралы хабар түскен. Ол ата-анасымен бірге саңырауқұлақ теруге келген.

Төрт жасар ұл көліктің жанында ойнап жүрді. Артынан із-түзсіз жоғалып кетті.

Ата-анасы үш сағаттай баласын өздері іздеп көрген. Сосын төтенше жағдайлар депаратментіне хабар берді. Іздестіру жұмыстарына құтқарушылар ғана емес, полицейлер, әкімдік қызметкерлері мен жергілікті халық та қатысты.

Барлығы 100-ден астам адам таулы жерді аралап шықты.

Түнгі сағат 23:30-де үш шақырым шалғай жерде жоғалған бала табылды. Дәрігерлер оны қарап шықты. Ол жарақат алмаған.