02 сәу, 2021 сағат 15:17

Тауарларға ілеспе жүкқұжаттар бойынша пилоттық жоба мерзімі ұзартылады

Көлеңкелі экономикаға қарсы күресті және тауарлар қозғалысының бүкіл тізбегіндегі ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қазіргі уақытта тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды енгізу жобасы жасалуда. Пилоттық жоба кезінде айыппұлдар мен басқа санкциялар қолданылмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Пилоттық жобаның міндеті - осы процеске қатысатын барлық жүйелерді қалпына келтіру. 

«Салық төлеушілердің көптеген өтініштері бойынша пилот жобаның мерзімі:

акцизделетін тауарлар бойынша - 2021 жылғы 1 шілдеге дейін; ЕАЭО-дан әкелінетін/ЕАЭО-ға әкетілетін тауарлар бойынша -2021 жылғы 1 шілдеге дейін; виртуалдық қойманың тауарлары бойынша - 2021 жылдың 1 қарашасына дейін кейінге шегеріледі. ДСҰ-ның алу тізбесіндегі тауарлар және цифрлық таңбалау қолданатын тауарлар бойынша пилоттың басталу мерзімі 2021 жылғы 1 ақпаннан 2021 жылғы 1 шілдеге, аяқталу мерзімі - 2021 жылғы 1 шілдеден 2022 жылғы 1 ақпанға ауыстырылады.

«Мемлекет басшысының кешегі тапсырмаларын орындау мақсатында Пилот осы жылдың 1 қазанына дейін ұзартылады», - дейді Жайдар Іңкәрбаев.

Оның айтуынша, бөлшек сауда дүкендер үшін тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды жазып, Виртуалды қойманы жүргізудің қажеті жоқ

«Тауарлардың бөлшек саудасымен айналысатын салық төлеушілер үшін (оның ішінде «үй жанындағы дүкендер») Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды жазып, Виртуалды қойманы жүргізудің қажеті жоқ. Олар тек сатып алынған алкоголь өнімдеріне және темекіге арналған ТІЖ растайды. Мұндай рәсімді Play MARKET-те қолжетімді ЭШФ АЖ тегін мобильді қосымшасының көмегімен жүзеге асыруға болады. Қалған тауарлар үшін алынған өнімді растау қажет емес», - дейді ол.