12 мам, 2021 сағат 11:59

Тауарлардың транзиті кезінде электронды кедендік сүйемелдеу енгізіледі


16 мамырдан бастап елімізде «жасыл» аймақта орналасқан қазақстандық импорттаушылардың мекен-жайына әкелінген тауарлардың транзиті кезінде электронды кедендік сүйемелдеу қолданылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

«16 мамырда Қаржы министрінің «Көлік құралдарын электронды кедендік алып жүруді қолдану, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органдарының, декларанттың, халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалау ақпараттық жүйесінің ұлттық операторының және тасымалдаушының көлік құралдарын электрондық кедендік алып жүру кезінде өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы» 2021 жылғы 28 сәуірдегі № 407 бұйрығы қолданысқа енеді.

Бұйрық «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» ҚР Кодексінің 437-бабын іске асыру мақсатында әзірленген және спутниктік навигацияның техникалық құралдарын (навигациялық пломбалар) пайдалану арқылы кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес Қазақстан аумағында шетелдік тауарлардың тасымалдануын қадағалауды көздейді», делінген хабарламада.

Комитеттің мәліметінше, аталмыш бұйрықты әзірлеу кезінде навигациялық пломбаларды қолданып пилоттық жобаларды өткізу тәжірибесі, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында Тауарлар транзитінің бірыңғай жүйесін жетілдіру бойынша жүргізілген жұмыс ескерілген.

Электронды кедендік сүйемелдеу «жасыл» аймақта орналасқан қазақстандық импорттаушылардың мекен-жайына әкелінген, кеден заңнамасын бұзу қаупіне аз ұшырайтын шетелдік тауарлардың санаттарына қатысты тәуекелдерді басқару жүйесінің ұсынымдары негізінде қолданылады.

«Тікелей электронды кедендік сүйемелдеу көлік құралдарының жүк бөлімдеріне навигациялық пломбаларды ілу және көлік құралы жөнелтілетін кеден органынан бастап баратын кеден органына дейінгі қозғалысын қашықтықтан қадағалау арқылы жүзеге асырылады», - делінген хабарламада.

Электронды кедендік сүйемелдеуді енгізу транзит кезінде кедендік операцияларды жеңілдетуге, оларды жүзеге асыру уақытын және транзиттік тасымалдауға қаржылық шығындарды қысқартуға бағытталған.