ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин тауарларды таңбалауды енгізу барысында өнім бағасының өсіміне жол бермеу керектігін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Құжат аясында ЕАЭО аясында тауарларды таңбалауды енгізу мәселесі талқыланды.
Мәжіліс төрағасы дәрілік заттарды таңбалауға жататын тауарлардың ілкі тізіміне енгізілуі туралы шешімді қолдады.
«Бүгінде барлық дамыған елдер дәрілік заттарын таңбалайды. Сәйкесінше, бізге де осы процестерден қалмау керек. Тұрғындар еліміздегі дәріханалар мен ауруханаларға тек сапалы препараттар жеткізілетініне сенімді болуы тиіс», - деді Н. Нығматулин.
Сонымен қатар, ол өнім бағасының негізсіз өсуіне жол берілмеуі керектігін атап өтті.
«Таңбалауды енгізу дәрі-дәрмек бағасының өсуіне ықпал етпеуі керек. Бұл мәселе аталған қадамдар тұрғысында негізге алынуы қажет. Себебі бұл тақырып халық үшін маңызды», - деді Нұрлан Нығматулин.