01 нау, 2022 сағат 19:21

"Тәтті тоқаштан тышқан шықты": Республикалық балаларды оңалту орталығында тексеру жүргізіледі

Фото:Кенжегүл Тергембай/facebook.com

Республикалық балаларды оңалту орталығының асханасынан шу шықты. Асханаға келушілер тоқаштың ішінен тышқан тауып алған. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балаларды оңалту орталығында тексеру жүргізілетінін хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ұлттық республикалық балаларды оңалту орталығында болған оқиғаны Facebook желісіндегі "Астана, хочу похвалить, пожаловаться" тобында журналист Кенжегүл Тергембай жариялады.

Айта кетейік, бұл орталық University Medical Center (UMC) корпоративтік қорына кіреді.

Тергембай ата-аналар асхананың тағамдарына көңілдері толмайтынын айтып бірнеше мәрте шағымданғанын айтты. 

Бұл жағдайға қатысты елордалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті түсініктеме берді.

"Есіл ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы өнімді жеткізуші кәсіпкерлік субъектісін анықтады. Кәсіпкерлік субъектісі тексеруге мораторий қолданылатын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататындықтан, өнім берушіге қатысты жоспардан тыс тексеруді жоғары органдар жүргізеді. Нұр-Сұлтан қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өткізген және қабылдаған іс-шаралар туралы алдағы уақытта хабардар етеміз", –  деп жауап берді ведомствоның баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бұйрығы негізінде Есіл ауданы бойынша СЭБД бөлімі Республикалық балаларды оңалту орталығындағы тамақ өнімдерінің сапасына жоспардан тыс тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.