04 қыр, 2019 сағат 12:19

Тасөткел, Костычев, Пятигорск ауылдарында аулалар мен саябақтар жаңартылуда

Ақмола облыстында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жарқайың ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы жөнінде аудан әкімі Мұрат Балпан баяндап берді.

Бағдарламаның басым бағыттары ауданда іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері аталмыш тақырыпта жергілікті газетте 47 мақала жарық көріп, әлеуметтік желілерде түрлі форматтағы 127 материалдар жарияланған. Өңірдегі екі нысан облысымыздың киелі жерлерінің картасына енгізілген. Олар – Қабыл батырдың жерленген жері мен «Қызыл там» (Ахмет) кесенесі. Соңғысы Далабай ауылының оңтүстік-батысына қарай Есіл өзенінің оң жағалауы беткейіндегі аудан орталығы Державинск қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан.

Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға жергілікті меценаттар белсене араласып жатқанын аудан әкімі Мұрат Балпан өз сөзінде атап өтті. Кәсіпкерлердің қолдауымен «Кенский – Отрадный», «Тасты-Талды – Зерноградск» жолдары ағымдағы жөндеуден өткізіліпті. Тасөткел ауылында «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаражатына ауылішілік жолдарға асфальт төселген. Костычев ауылында да меценаттардың есебінен жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық мәдениет үйі жаңартылған.

Бүгінде Ақпан Үкібаев, Надежда Крупская және Гастелло атындағы орта мектептерде, сонымен қатар, балалар шығармашылық үйінде робототехника сыныптары жұмыс істейді. «Сананың ашықтығы» жобасы аясында аудан мектептерінде «Адалдық» дүкендері, «Адал ұрпақ» клубтары ашылыпты. Жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған барлық шаралар осы клубтарда өтеді.

«Прагматизм» бағытын іске асыру аясында Костычев, Пятигорск, Тасөткел ауылдарында аулалар мен саябақтар жаңартылуда. Державинск қаласында орталық саябаққа қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты осы саябақта интернационалист-жауынгерлердің құрметіне мемориалдық ескерткіш орнатылыпты. Ана мен бала ескерткіші қалпына келтірілген.

Сонымен қатар, ауданда қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынып жатқаны да брифингте кеңінен айтылды.