Иманғали Тасмағамбетов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бас хатшысы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"2023 жылдан бастап, алдағы үш жылда ҰҚШҰ бас хатшысының міндетін Қазақстан өкілі Иманғали Тасмағамбетов атқарады", - деді Пашинян сессия барысында.
Айта кетейік, ол - ұйымның жоғары әкімшілік лауазымды тұлғасы саналады және ұйым хатшылығына басшылық жасайды.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бұл қызметті Беларусь елінің өкілі - генерал-лейтенант Станислав Васильевич Зась атқарып келген.
Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев (қазіргі Атырау) облысында дүниеге келген.
1991 жылдан - ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 жылдан - ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары.
1997 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі.
1997 жылдан - ҚР Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі.
1998 жылдан - ҚР Президентінің бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
2002 жылдан - ҚР Премьер-Министрі. 2003 жылы - ҚР Мемлекеттік хатшысы.
2004 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі.
2008 жылғы сәуір айынан бастап - Астана қаласының әкімі. 2014 жылдың қазанынан ҚР Қорғаныс министрі болды.
2016-2017 жылдары - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
2017 жылы Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.
Ал 2019 жылы 18 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Иманғали Нұрғалиұлы зейнет жасына толуына байланысты Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылған еді.