21 мам, 2021 сағат 12:49

Тасқынмен күреске 2023 жылға дейін 160 млрд теңге жұмсалады


Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жұртшылыққа есеп беру кездесуінде елді мекендерді тасқыннан қорғау үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда көктемгі су тасқынына аса бейім 905 елді мекеннің 315-інде қауіп сейілді. Тағы 314 елді мекенде қауіп азайтылды. Ол мекендерде 71 055 тұрғын үй және 358 598 адам бар. Су басу қаупі бар аймақта 276 елді мекен орналасқан. Онда 270 мыңнан астам адам тұрады. Өткен жылдың желтоқсан айында жол картасын іске асыру аяқталды, республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 20,3 млрд теңге жұмсалды», - деді министр.

Ведомство басшысы тасқынның өтінде тұрған елді мекендердің санын азайту жұмысы 20323 жылға дейін жалғасатынын мәлім етті. 

«Елді мекендерді су тасқынынан қорғау Су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы шеңберінде 2023 жылға дейін жалғасады. Жалпы сомасы 160,2 млрд теңгеге 212 іс-шара іске асыру көзделіп отыр. Оның 131,6 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 28,6 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерден бөлінеді», - деді Юрий Ильин.

Министрдің сөзіне қарағанда, аталған қаражатқа өзен арналарын қайта жаңарту және тазалау, каналдарды, бөгеттерді, гидротехникалық құрылыстарды салу және жөндеу, нөсерлік кәрізді ретке келтіру, авто және темір жолдарды, көпірлерді жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ елді төтенше жағдай туралы құлақтандыруға арналған 2 ақпараттың жүйе сатып алынбақ.