26 сәу, 2022 сағат 10:42

Тасқын су Бағыс ауылына баратын жалғыз жолды шайып кеткен - Сарыағаш ауданы


Түркістан облысы Сарыағаш ауданында тасқын су салдарынан Бағыс ауылына баратын жалғыз жол жарамсыз күйге түсті. Қазір облыстық маңызы бар жол қоршалып, жүруге тыйым салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, Қазығұрт ауданындағы апатқа қатысты жағдай тұрақтала бастады. Екі ауданда нөсер жауынның салдарынан 7 ауыл округінің 11 елді мекенінде үйлер мен қора-қопсыға су кірген болатын. Суда өлген малдардың саны 370-ке жеткен. Түні бойы ТЖ қызметкерлері су кірген үйлерде мотопомпа арқылы су шығару жұмыстарын жүргізді. 

Ауыл жастарынан құрылған еріктілер тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр. Қазығұрт ауданындағы 4 елді мекенге қол ұшын беру үшін өңірдің әр аумағынан және Шымкент қаласынан 100-ден астам ерікті жас жиналды. Олар су басқан тұрғын үйлердің ауласы мен қора-жайларды, көшелерді лай-батпақтардан тазалау жұмыстарына атсалысуда. Атап айтқанда Түркістан мен Арыс қаласы, Келес, Төлеби, Сарыағаш, Мақтаарал, Сайрам аудандары, сондай-ақ Шымкент қаласының еріктілері ауыл тұрғындарына көмектесіп жатыр.