29 нау, 2022 сағат 16:57

Ташкентте қызын аюға тастап жіберген әйелге қатысты сараптама нәтижесі шықты


Ташкентте сот-психиатриялық сараптама үш жасар қызын хайуанаттар бағындағы аюдың торына тастап жіберген әйел психикалық дертке шалдыққанын анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.

"Кешенді сот-психиатриялық және психологиялық сараптама қорытындысы бойынша, күдікті өмір бойы психикалық ауытқудан зардап шеккен. Бұл психикалық жағдайына байланысты әйел тергеу мен сотта дұрыс айғақтар бере алмайтындығын көрсетеді", - делінген Бас прокуратура хабарламасында.

Бас прокуратура мәліметінше, тергеу органдары әйелге қатысты "медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын" қолдану туралы шешім шығару үшін істі сотқа жіберуді ұйғарған.

Еске салайық, бұған дейін Ташкент хайуанаттар бағының баспасөз қызметі 28 қаңтарда әйел өз қызын аю қамалған торға тастап жібергенін хабарлаған болатын. Аю қызға тиіспеген, бірақ бүлдіршін бес метр биіктіктен құлаған. Прокуратура органдары анасына қатысты "Қасақана кісі өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, онда кемінде 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.