Фото: ҰҚК баспасөз қызметі
Қару-жарақты екінші рет айналымға енгізумен шұғылданған құқық қорғау органдары қызметкерлері мен бұрынғы қызметкерлері және олардың көмекшілеріне қатысты сот процесі аяқталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, тіркеуден шығарылған оқ-дәрі арқылы атылатын қару мен оқ-дәрі қылмыстық схема бойынша жойылды деген жалған есеп арқылы кейін сатылымға шығарылып отырған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті екі кезеңнен тұратын операция барысында Алматы қаласы мен Алматы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарында қаруды қайта айналымға шығару арнасының жолын кескен.
Құрықтау және тінту барысында 347 қару, 13 граната және 7 387 оқ-дәрі тәркіленген. Полицияның бұрынғы қызметкері ұйымдастырған қаруды модификациялау цехының көзі жойылған. Жедел тергеуді жалғастыру арқылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті қылмыс әлеміне, діни ағымдарға қатысы бар және бұрынғы полицейлерден жасақталған қаруды сатып алушылардың толық базасын анықтаған.
Алматы қаласы Алмалы аудандық соты шешімімен кінәлі адамдар 2-ден 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру мерзімдеріне сотталды.
Қызметтік міндеттеріне салғырт қарағандары және жеке құрамды бақылауды әлсіреткендері үшін құқық қорғау органдарының бірқатар басшысы жұмыстан шығарылды.