© Photo : СС0 / Alexas_Fotos
Шығыс Қазақстан облысының кеденшілері тәркіленген тауарларды балалар және қарттар үйіне тапсырды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Декларацияланбаған аяқ киім, киім, ойыншықтар, шығармашылық жиынтықтары және басқа да тауарлар (барлығы 982 қорап) 2021 жылдың сәуірінде "Бақты" кеден бекетінде тәркіленді. Оларды Қытайдан Венгрияға апара жатқан. Тәркіленген тауарлардың жалпы құны 42 миллион теңгеге бағаланды.
"Семей көлік прокуратурасының сотқа дейінгі тергеуі аясында тауар заттай дәлел ретінде ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне "реэкспорт" кедендік рәсіміне орналастыру үшін берілді. Алайда тасымалдаушы да, тауар иесі де кері экспорт кедендік рәсімін мәлімдеу үшін шара қабылдаған жоқ", − деп мәлімдеді қаржы министрлігі.
Тауарлар уақытша сақтау қоймасына орналастырылды. Содан кейін департамент комиссиясы заттарды балалар, қарттар мен мүгедектер үйіне, балабақшаларға, мектептерге, медициналық және әлеуметтік мекемелерге беруге шешім қабылдады.