27 қыр, 2018 сағат 14:51

Тарихы терең Тасбөгет

Астананың 20, Қызылорданың 200 жылдық мерейтойлары республика деңгейінде тойлануда. Осындай тарихи кезеңде Қызылорданың іргесіне қоныс тепкен Тасбөгет кентінің құрылғанына да 70 жыл толды.

Сырдария өзеніне салынған су тоспасынан басталған кент тарихы турасында ел ішінде аңызға бергісіз әңгімелер әлі күнге дейін айтылады. 1940 жылғы 16 сәуірде алып құрылыстың басталуына негіз қаланып, оны салуға облыс пен аудандардан 17 мыңға жуық адам қатысқан еді. Соғыс жылдары кейінге шегерілген құрылыс 1945 жылғы 8 сәуірде құрылыс қайта жанданды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы 1948 жылғы 16 наурызда құрылыс салуға қатысып жатқан жұмысшылардың ірге тепкен мекенінде Тасбөгет поселкелік кеңесін құру туралы жарлық қабылдады.

Қызылорданың қос ғасырлық мерейтойымен сабақтас келген Тасбөгет кентінің 70 жылдығы түрлі мерекелік тартумен басталды. Біртуар азаматтар шыққан киелі кенттің мерейтойына арналған әртүрлі форматтағы іс-шаралар тойдың көркін қыздырды.

Қала тұрғындарына қос бірдей тарту жасалып, ҚР Мәдениет қайраткері Тілеген Бекарыстановтың сөзіне жазылған, талантты композитор Сәбит Ұлықпанның «Тасбөгет – киелі мекен» атты жаңа әннің тұсауы кесілді. Отаншылдық сезімді оятатын рухты ән барша халықтың жүрегінен орын алды. Салтанатты шараға тағы бір айтулы сыйлық – тарихты қайта парақтауға жол ашқан «Тұран төріндегі Тасбөгет» атты жаңа кітап та оқырмаға жол тартты.

Кітапта 70 жылдық тарих белесіне шыққан Тасбөгеттің ескі тарихы, ондағы атпал азаматтардың еңбегі, кент ішіндегі жасалған игілікті істер баяндалған. Алматының «Аруна» баспасынан жарық көрген кітап кент әкімі Пакуадин Шамұратов пен зерттеуші Қабдеш Шағыровтың бірлесуімен құрастырылып шыққан. Мерейтойға арнайылап жазылған ән, тарихты түгендеген кітап Тасбөгет тұрғындарына қуаныш сыйлады.

Шара аймақтық ақындар айтысымен жалғасын тапты. Елімізге танымал 10 ақын қатысқан айтысқа халық көп жиналды. Жұрттың көптен бері айтыс сияқты қазаққа рух беретін халықтық өнерді сағынып, шөліркегені байқалып тұрды. Республиканың әр аймағынан сынға түскен ақындарға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дүйсенбек Аяшұлы, «Шабыт» фестивальінің жүлдегері Назгүл Бердіқожа және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мұхамеджан Нұрханов қазылық етті. Аймақтық ақындар айтысы кент әкімі Пахуатдин Шамұратовтың құттықтауымен ашылды. Ол айтыстың тәрбиелік мәні бар тарихи өнер түрі екеніне тоқталып, кент тұрғындарын мерейтоймен құттықтады.

Елдегі халықтар достығын, береке-бірлікті, аймақтағы ауқымды жұмыстарды жырға қосқан ақындарды тасбөгеттіктер құшақ жая қарсы алып, қошеметке бөледі. Жыр додасының қорытындысында бас жүлдені қызылордалық Ержеңіс Әбдиев жеңіп алды. Бірінші орынды Түркістан облысынан келген Дәурен Ақсақалов иеленді. Екінші орын жүлдесі қызылордалық Мөлдір Айтбайға, ал үшінші орын қарағандылық Ботагөз Мұхиддинге бұйырды.

Сондай-ақ, кенттің орталық алаңында түрлі спорттық шаралар өткізілді. Ересектер арасында күрес түрлерінен сайыс өтіп, айтулы жарыста облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі мен Олимпиадалық резерв даярлау орталығында тәлім алатын спортшылар бақ сынады.

Жарыс қорытындысында 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Ерлан Жақсыбеков жеңімпаз атанды. Ал 74 келіден жоғары салмақта түйе балуандар сайысы тартысқа толы болды. Бұл салмақ дәрежесінде үшінші орын Саламат Жылқыбаевқа, екінші орын Бекзат Абдуллаевқа бұйырды. Дүбірлі додада барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген Марат Баймаханов бірінші орынды иеленіп, Тасбөгет кенті әкімдігінің 300 мың теңгелік жүлдесімен марапатталды.

Ал, мерейтой орталық алаңдағы кешкілік эстрада жұлдыздарының гала-концертімен мәресіне жетті. Қала күнінің бастауы болған салтанатты шарада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қос мерейтойды қатар тойлауға жиналған жұртшылыққа өз құттықтау лебізін жеткізді.

– Туған еліміздің даңқын асыру, оның өткенін ұлықтау біз үшін парыз. Бүгінде екі ғасыр толып отырған қаламызға қарасты ауылдық округтер де кең қанат жайып келеді. Сондай елді мекеннің бірі – Тасбөгет кенті. Кент қазіргі уақытта қалаға қарасты елді мекендер арасында ең ірісі, ең әсемі. Әрі қалаға қарап қарыштап дамып келе жатқан құтты қоныс. 30 мыңнан астам халқы бар кенттің көлемі жыл өткен сайын шығысқа қарай ұлғайып келеді. Бұл аумақта жаңа көшелер қалыптасып, тұрғындар табиғи газбен қамтамасыз етілді. Осыдан 70 жыл бұрын жұмысшылар қонысы болған шағын елді мекен қазіргі күні қаламыздың іргелі, көрікті жерлерінің біріне айналды, – деді қала әкімі.

Мұнан соң мереке қарсаңында қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып, кенттің келбеттенуіне өз үлесін қосып жүрген бірқатар азаматтар марапат биігінен көрінді. Атап айтқанда, Социалистік Еңбек Ері Амангелді Ахметов, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов, еңбек ардагерлері Сұлтан Үсенов, Баян Піржанова және Виктор Романовский «Тасбөгет кентіне 70 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Сондай-ақ, №176 орта мектебінің бірінші санатты мұғалімі Сәуле Шәкіманова, №2 облыстық балаларды оңалту орталығының педагогы Гүлжаһан Тәшерова және №172 орта мектептің мұғалімі Ману Досмахановаға қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.

Шара соңы гала-концертке ұласып, мерекеге жиналған жұртшылық «Азия» тобы, Бекзат Молдабергенов, «Тұран» тобы секілді эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады.