Аллаға шүкір, тәуелсіздігімізді алдық, етек-жеңімізді жинадық, ел болдық. Осы қазақтың басынан небір дәурен өтті, сұрапыл соғыс кетті, тарихтың зынданына шықпастай түсті. Тарихтың ащы ауылына ат басын бұрсам, қайран тұлпар жүрек осқырынып, тыпыршып әлексің-ау. Кімнің болмасын құсадан қан құсқан ел тарихын оқығанда жан түршігерліктей күйде, бейбақ хәлде қалары хақ. Қазақияның түндігі ашылғалы небір сұмдық соғыс пен қанды шайқастан көз ашпады-ау. Осынау ұлан байтақ жерге қызығып, көз алайтқанның көзін ойып, құл еткісі келгеннің қалпағын қайқайтқан еді. Алайда, бертін келе өз ішіндегі алауыздықтан іріп, құлдық қамытын киген күйде тұралап қалды. Қазақтың басына үйірілген осынау қара бұлттың сейілуі қиындау еді. Башқұрттың басынуын, Шүршіттің құтыруын тиып, Ойраттың ойқастауын тоқтатамын деп жүріп, орыстың отарына қалай кіргенімізді сезбейде қалдық. Осылайша елдіктенде құр қалдық, құл болдық. Қанша ғасыр өтті, талай жыл кетті, қанша өзен тулай ақты, қаншасы сарқылды? Ол аллаға ғана аян. Сөйтіп Ақпан, Қазан төңкерілістері орын алып, тап тартысы басталды. Ақ патша құлағаннан кейін де толқулы дүмпу басыла қоймады. "Теңдік" деген ұрандар естіліп ел ішінен маза кетті. Азан-қазан, у да-шу! Қазақ зиялылары да бас көтерді. Жиылды. Жұмылды.
Осы бір мәселеге кеңінен тоқталсақ:
«1917жылы 5-желтоқсанда Қазақ зиялылары Орынбордағы жалпы қазақтың ІІ сьездіне жиналды. Орынбор қаласындағы ең мәртебелі ғимаратта Торғай облыстық комиссары Ә.Бөкейхановқа көшкен, бұрынғы генерал губернаторының кеңсесінде бір апта бойы қазақтың тағдыры талқыланды. Семейден Абайдың ұлы Турағыл, Кенесарының немересі Әзімхан, қазақтың рухани көсемі Ахмет, ұлтының ұяты болған Әлихан, Қылыштай өткір Жаһанша, Алты алаштың ардағы Мағжан, Хәлел, Мұстафа, Мұхамеджан, Міржақып, Жүсіпбек жиыны 82, ұзын саны 300-ге тарта адам жиналды. Олардың барлығы болыстың, уездік сьездерден іріктеліп шыққан легитімді делегеттар болатын. Сол тұста Хәлел Ғаббасов сьезд қаулысын жариялайды:
«Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария облыстары, Ферғана, Самарқант облыстарындағы, һәм Әмудария өңіріндегі қазақ уездері, Закаспий облысындағы, Алтай губерниясындағы іргелес облыстардың жері біріңғай, іргелі халқы – қазақ, қаны, тұрмысы, тілі бір болғандықтан өз алдына ұлттық территориялы автономия құрады. Қазақ автономиясы – Алаш деп аталсын! Ұлт кеңесі құрылсын, оның аты Алаш орда болсын, Алаш орданың тұратын орны – Семей қаласы»
Алаш орданың төрағалығына Бақтыкерей Құлманов, Айдархан Тұрлыбаев, Әлихан Бөкейханов сайлауға түседі. Сайлауда 40 адам дауыс беріп Бөкейханов Алаш орда өкіметінің төрағасы болады. Бұл қазақ халқының Республикалық негіздегі демократия принциптеріне сай жүргізілген тұңғыш сайлауы еді.
«Декабрьдің 12-күні түс ауа, сағат 3-те «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Автономия бізге өмірлік мақсұт еді. Жасасын Алаш автономия!» - деп Әлімхан Ермеков 22қаңтар 1918 жылы «Сарыарқа» газетіне жариялады. Осылайша сьезде жобасы жасалған Алаш автономиясын қазақтың бірінші Республикасы деуге толық негіз бар. Алайда, дәуірі ұзаққа бармады. Қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің қанды құрығына ілінбеген жан қалмады. Яғни, халық жауы деген жаланы мойнына іліп қойша қырып салды.
Олар біз үшін күреспеп пе еді?! Алашым деп оққа ұшқан Әлихан, Хәлел, Жүсіпбек сынды Алаш арыстары, Қазақтың сауатын ашып, түннен таң атқызамын деп күрескен Ахмет, Мағжан, Міржақып сынды қазақ зиялылары қаламды қару етіп жүріп, қуғын сүргінге ұшырап атылып кете барды. Уа, ағайын! Айланайын, Алаш баласы! Міне, алдымызда келе жатқан жыл, яғни 2017 жыл Алаш Орданың 100жылдығы. Біз осы Алаш зиялыларын толық зерттеп, оларға лайықты тағзым етіп жүрміз бе?! Біз осы асыл бабаларымызды бағалай алып жүрміз бе?! Өкінішке орай, шағын жиын жасап мерекелік концерт ретінде ғана атап өтіп шектеліп қалған жайымыз бар.
Аспаннан түскен жасынды,
Жасынға тіктім басымды.
Теңізден маржан сүзгендей,
Таңдап бір алды-ау асылды.
Үдіре көшкен қауымның,
Қорымы қалды-ау, Уа, жалған!
Ардағы кетіп ауылдың,
Тобыры қалды-ау, Уа, жалған! – дегеніндей, ардақтыларымыздан айрылып түнек түбіне сүңги бердік. Осы ел үшін қан жалдап туып, қанға бөгіп тұншығып өлген асыл бабаларымызды тереңнен толғасық қана шер-шемен ақтарылар еді. Осы Семей шаһары Алаштың астанасы болғандықтан, қарт ертістің маңында бас қосып, табаны топырағына тиген қазақ зиялыларының есімін неге барлық мектептерге бермеске?! Нөмірмен аталатындай есім беретін алыптардың жоқтығынан ба?!
«Тілге жеңіл», «Жаттауға оңай» дейді бәз біреулер. Масқара! Ал егер, осы арыстардың есімі берілсе әрбір мектеп оқушылары тарихын терең танып білер еді. Әр мектеп әрбір арысына жеке сынып ашып, зерттеулер жүргізсе. Конференциялар өткізіп, «Алаш оқуларын» ұйымдастырса қандай ғанибет?! Біріншіден: тарих алдындағы, бабаларымыздың алдындағы басты борышымызды өтер едік.
Екіншіден: «Жершілдік» «Рушылдық» деген індеттің де алдын алуға себеп болар еді. Әр облыс, әр қала өз жерінен шыққан зиялы қауымдарын ғана дәріптеп мақтауда. Неге, өйткені ұлтшылдықтың сезімнің болмауынан. Олар бүкіл қазақтың бағына туған жандар емес пе еді?! Біз, кеудемізде ұлшылдықтың жоқтығынан бөлініп езіміз кетіп жүр. Ұлтшылдық айып емес. «Ұлтшылдық – ұлтын сүю» - деген Ахмет.
Үшіншіден: Кейінгі ұрпаққа үлгі болар еді. Осы уақытқа дейін жасырын болды, оларды ақтай алмадық, олар туарлы айта алмадық – деп қаншама жыл зар қақтық. Осыны ел ағалары болып қолға алсақ бәрі де орындалмақ. Біз қазір экономикалық дағдарыс деп шыр-пыр боламыз. Құдай оңдап оның бәрінен де өтерміз. Ең бастысы, ең әуелі қазір біздің басымыздағы дағдарыс, рухани дағдарыс. Одан сүрінсек қайта бас көтеріп тұруымыз екі талай. Онсызда рухсыз жастар қаулап келе жатыр. Болашақты ойлайық.
Алашым! Айналайын қазағым рухың қартаймаса, осы бір дат пен ұсынысқа көз жұма қарамассыздар деп сенемін. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ қана ісіміз өрге баспақ. Қазақ айтушы еді «жұмыла көтерген жүк жеңіл» - деп. Ояныңдар Мағжанның сенген жастары! ОЯН ҚАЗАҚ!!!
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!...»
Мақсұтбек Абылай Жомартұлы,
Семей педагогикалық колледжінің IV курс студенті
Ұлт порталы