Тарбағатайдағы қасқырлы ауылдың тұрғындарына қару ұстауға рұқсат берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еске салайық, Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданына қарайтын Ахметбұлақ ауылында бір үйдің 70 бас қойын қасқыр қырып тастаған еді. Бұл оқиға шамамен бір айдай уақыт бұрын болды. Сол кезде тұрғындар қарулары бола тұра, қасқырға оқ ата алмайтындарын айтып, арызданған еді. Себебі рұқсат жоқ. Ал қазіргі уақытта аталмыш ауылдың екі тұрғыны қасқыр атуға мүмкіндік алды. Бірақ оның да белгілі бір шарттары бар.
– Шекара шебіндегі ауылдарда тұратын мылтығы бар 15 тұрғынға қасқыр атуға рұқсат берілді. Аудандық прокуратура, полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және шекара қызметкерлерімен келісе отырып, осындай шешімге келдік. Атап айтар болсақ, Жаңаауыл ауылдық округіне қарайтын Жаңаталаптан 8, Ахметбұлақтан 2 қаруы бар адам рұқсат алды. Бірақ олар қасқыр атаулының ізіне түсіп, шетінен қыра бермейді. Белгілі бір шарттары бар. Оларға түсіндірілді. Мәселен, қасқыр шекарадан бері өткенде ғана оқ атады, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Садуақасов.