Бүгін сағат 20.00-де Тараз қаласын «Казфосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар зауытынан шыққан қою түтін басты.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, алдын ала жүргізілген талдаулардың нәтижесінде фтор қосылыстарының шамалы жоғарылағаны байқалған.
Қазіргі уақытта минералды тыңайтқыштар зауыты мен қаланың санитарлық шекарасында азот секілді басқа заттардың көбеюі анықталмаған.
«Облыс әкімінің тапсырмасымен экологтар, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары және басқа да жауапты тұлғалардың қатысуымен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет басқарады.
Қазіргі уақытта басқа да аймақтарда зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тұрғындарды сабыр сақтап, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз!», - деп хабарлады әкімдіктен.