27 ақп, 2019 сағат 11:45

Тараздағы жарылыстан зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетіліп жатыр

Тараз қаласында көпқабатты үйде орын алған жарылыстан зардап шеккендерге облыстық әкімдік тарапынан тиісті көмек көрсетілуде. Төтенше жағдайдан қаза тапқандар саны 3 адамға жетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласы №9 «Мыңбұлақ» ықшамауданындағы 62-үйде жарылыс болып, көпқабатты үйдің бір бөлігінің 1-3 қабаттары құлаған еді.  

«Оқыс оқиға 2-қабаттағы 49-шы пәтерде орын алған. Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газ жабдықтарын абайсыз пайдаланудан орын алған. Оқиғаға байланысты қажетті мамандар мен техника жұмылдырылды. Үйдің барлық тұрғындары толығымен қауіпсіз жерге көшірілді. 8 адам зардап шегіп, 3 тұрғын қаза тапқан» делінген облыс әкімі баспасөз қызметінің  хабарламасында.


Қазіргі кезде облыс әкімдігінің қолдауымен зардап шегушілер барлық қажетті көмекті алып отыр. Атап айтсақ, апат болған үйдің 100-ден астам тұрғынына №47 мектепте ыстық тамақ беріліп, психологиялық-медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сондай-ақ, зардап шегушілер қаладағы № 13 «Бәйтерек» мөлтекауданындағы көпқабатты үйдегі бос пәтерлерге уақытша жайғастырылуда. Олардың жағдайы тұрақты бақылауда болады.


Төтенше жағдайға байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтың төрағалығымен облыстық  жедел штаб құрылды. Сондай-ақ, +7-7262-513575 нөмірі бойынша жедел желі жұмыс істеп тұр.

Бүгінде Тараз қаласында нысандық төтенше жағдай жарияланды. Жалпы бұл бағытта алдын ала сақтық шаралары ретінде қала бюджетінен 91,5 миллион теңге қарастылған. Аталған оқиғаға байланысты нақты шығындарға талдау жасалады. Қажет болған жағдайда, облыстық қазынадан да қаржы бөлінбек.      


Айта кету керек, осы төтенше жағдай туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин шұғыл түрде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа баяндаған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж.Қасымбектің төрағалығымен үкімет комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелері мен Астана қаласында іссапарда жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметов Тараз қаласына шұғыл ұшып келіп, оқиға орнына  барды. Болған жағдаймен жан-жақты танысып, жапа шеккендердің хал-жағдайын біліп, қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты.