Облыстық полиция департаменті Тараздағы «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қатысты тараған видеоға қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Facebook» әлеуметтік желісінде әйел адамның «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қатысты қатыгездік іс-әрекетін көрсететін бейнежазбасы жариялаған болатын. Соған орай құзырлы орган шұғыл шара қабылдап, жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Аталған балалар үйінің 54 жастағы тәрбиешісіне қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Тергеу барысында мекеме қызметкерлерінен жауап алынып, бейнебақылау камераларының жазбалары алынды. Сондай-ақ, тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев.
Сондай-ақ, ол департамент тарапынан облыстық әкімдікке сот шешіміне дейін тәрбиешіні лауазымынан босату туралы ұсыныс жолданғанын жеткізді.
Департамент басшысы оқиғаға қатысты барлық жағдай өзінің жеке бақылауында болатынын айтты.