Фото: pexels.com
Жамбыл облысында перзентхананың екі акушері жаңа туған нәрестені сатқаны үшін сотқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Айта кетейік, оқиға 2022 жылдың қарашасында болған.
Жәбірленуші жүктілікті мерзімінен бұрын тоқтату мақсатында аурухананың перзентхана бөлімінің акушері Б-ға хабарласқан.
Қыздың жүктілігін отбасынан жасырғанын түсінген Б. әріптесі Ю-дан босанғаннан кейін баланы сатуға көмек сұраған.
Өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін (яғни бір топ адаммен алдын ала сөз байласу арқылы) акушерлер жәбірленушіні алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы жаңа туған нәрестені біреуге 1,5 млн теңгеге сатқан.
Сотталушылардың кінәсі жәбірленушінің заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және заттай дәлелдемемен дәлелденген.
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының берген мәліметіне сүйенсек, прокурор сотталушыларды 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сотталушылар кінәсін ішінара мойындаған.
Жалпы, аталған қылмыс бойынша Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөліміне сәйкес 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде бір сотталушының жас балалары бар екені ескерілген.
Жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіп дәрежесін, сондай-ақ ҚК 55-бабы 2-бөлімінің талаптарын ескере отырып, сотталушылар 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.