Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мереке күндері қоғамдық көлік қозғалысын қысқартқан автопарк басшыларына ескерту жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қоғамдық көлік - Тараз қаласы тұрғындары үшін өзекті әрі жиі талқыға түсетін тақырыптардың бірі болып отыр. Әлеуметтік желіде қалалықтардан автобус маршруттарына қатысты көп шағым түсуде. Әсіресе, олар мереке күндері қоғамдық көлік қозғалысының айтарлықтай қысқартылғанын жеткізген. Осы мәселеге айрықша көңіл бөлген Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев автобус парктерін аралап, олардың жұмысымен танысты.
Нақтырақ айтсақ, аймақ басшысы алдымен облыс орталығындағы маршруттардың 40 пайызына қызмет көрсететін «ӘулиеАтаТрансПасс» ЖШС-де болды. Күн сайын серіктестікке тиесілі 162 автобус 17 бағыт бойынша қатынайды. Мұнда жыл сайын жаңа техникалар қатары толығып, GPS жүйесі енгізілген десек те, тұрғындардың көрсетіліп отырған қызмет сапасына көңілі толмайды.
- Соңғы бірнеше күн ішінде азаматтардан шағымдар көп түсуде. Автобустардың өте сирек жүргені мереке күндері тұрғындарға айтарлықтай қиындық туғызған. Автопарктер Тараз қаласы әкімдігімен жасалған шартқа қол қойған. Ол сіздерді қоғамдық көлікті таза ұстауға, тасымал кестесін және халықпен қарым-қатынас жасау мәдениетін барынша сақтауға міндеттейді. Бүгінгі таңда автобус паркінің барлық пунктілері бойынша наразылық бар, - деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі қала әкімдігіне автопарк басшылығымен бірлесе кездесіп отырған мәселелерді шешуді тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы бұл секілді келеңсіздіктер қайталанатын болса, тасымалдаушы компанияларға ең қатаң шаралар қабылданатынын атап өтті. Ол кезде ескертумен шектелмейді.
«Әулиеатранспасс» ЖШС директоры Рашид Пірмановтың ұжыммен түсіндіру жұмыстары жүргізілгендігін жеткізіп, бұл күндері кіріс жоспары бекітілмейтініне сендірді. Алайда, жүргізушілер алынған түсім тіпті жанар жағармай шығындарына да жетпейтінін айтып шағымдануда. Осыған ұқсас көрініс «СапарТранс 2012» ЖШС-нде де кездеседі.
Тасымалдаушылар енді қоғамдық көлік қозғалысын жолға қою және жүру кестесін бұзбауға уәде берді. Олардың айтуынша, автобустардың тозуы өткір мәселеге айналған. Нашар жолдардың салдарынан қолдағы бар техникалар тез жарамсыз күйге түсуде. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев облыс орталығының көшелерін жөндеу жұмыстары көп ұзамай басталатынын тілге тиек етті.
- Тағы бір өзекті мәселе - кәсіби жүргізушілердің жетіспеушілігі болып отыр. Бізге жұмыс істеуге көп адамдар келе бермейді, - дейді «СапарТранс 2012» ЖШС директоры Бауыржан Әділов.
Тасымалдаушы-компаниялар өз жұмысының сапасын жақсарту үшін жергілікті биліктен тарифті көтеруді немесе субсидиялау арқылы қол ұшын беруді сұрап отыр.
- Тарифті көтеру мәселесі мұқият қарауды талап етеді. Себебі ол қала тұрғындары үшін, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар үшін оңай соқпасы анық. Менің ойымша, қызмет көрсету сапасын арттыруға қол жеткізбей тұрып, тарифті арттырған дұрыс емес. Оның үстіне мынадай қиын уақытта оған жіті мән беру керек, - деп жауап берді Бердібек Сапарбаев.
Сондай-ақ, автобус парктерін аралау барысында Бердібек Сапарбаев қалалық автобустарды дезинфекциялау шаралары қалай жүргізіліп жатқанын тексерді. Таразда коронавируспен күресу үшін санитарлық жұмыстармен айналысатын төрт компания бар. Бұл ретте қоғамдық көлік пен аялдамалар күніне екі рет дезинфекциялануда.