Таразда үйіне қайтуға екі ай қалған Ұлттық ұланның сарбазы асулы күйінде табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
55/13 әскери бөлімінде сарбаз Болат Батырханның денесі әскери бөлімдегі екі ғимарат қуысындағы биік темірге асылып қалған. Ақтөбелік жауынгердің үйіне оралуына небәрі екі ай қалған екен.
«Оқиға тексеріліп жатыр. Мән-жайды анықтайтын боламыз. Ең соңғы шешім тергеу аяқталғанда белгілі болады», - деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының орынбасары Ниязтай Әлкешов.
«Денесінде бірде-бір соққының ізі жоқ», - деген әскерилер Болат Батырханның үздік сарбаз болғандығын айтады. Оның суреті мақтаулы жауынгерлердің қатарынан түспеген.
Айта кетейік, осы әскери бөлімде бұған дейін де қайғылы жағдай тіркелген еді. Үш жыл бұрын прапорщик қару-жарақ қоймасында өзінің табелдік тапаншасымен атылып, көз жұмған болатын.