30 шіл, 2022 сағат 09:06

Таразда кәсіпкердің қызын ұрлаған қылмыстық топ сотталды


Таразда белгілі бизнесменнің қызын ұрлағандарға сот үкімі шықты. Қылмыстық топтың 6 мүшесі 5 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.

Олар кәсіпкердің қызын қайтару үшін 100 миллион теңге талап еткен.

Биыл көктемде болған оқиға туралы жәбірленуші Светлананың өзі айтып берді. Баласын мектепке апарып, үйіне жақындаған бойда екі адам оны ұрып-соғып, көлікке күштеп отырғызған. Қарсылық танытқанымен, онысынан ештеңе шықпаған. Тіпті оның қолын да сындырған. Қылмыскерлер оған қара бас киім кигізіп, аузын скотчпен тығындап, белгісіз бағытқа алып кеткен. Алайда арада 3 күн өткен соң босатып қоя берген.

Бостандыққа шыққан әйел дереу полицияға хабар береді.


"Мені бір үйге кіргізгеннен кейін қолыма кісен салып, аяғымды скотчпен орап тастады. Алғашқы 2 күн бойы мені сол үйде ұстады, сосын неге екені белгісіз, басқа үйге апарды. Мен не болып жатыр, мені мұнда неге әкелдіңдер деп сұрадым. Олар маған "сен - байсың, сондықтан сені ұстау үшін Алматыдан келдік" деді", - дейді Светлана Ильичёва-Мосунова.

Ал, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Сайын Сағындықтың айтуынша, мұндай қылмыс Жамбыл облысында соңғы 10 жылда орын алмаған.

"Полиция органдары бұл қылмысты жедел түрде ашып, барлық қылмыскер әшкереленіп, ұсталды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енген жоқ. Өйткені сотталғандар апелляциялық тәртіппен шағымдануда" - дейді ол.