25 қаң, 2023 сағат 17:05

Таразда дәрігерлер жаңа туған сәбиді сатып жіберген - видео

Сурет ашық дереккөзден алынды

Жамбыл облысында дәрігерлер жаңа туған сәбиді сатып жіберген, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

"12 қаңтарда Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері Тараз қаласы прокуратурасымен бірлесіп жүргізген арнайы іс-шара барысында жаңа туған баланы сату дерегін анықтады.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 135-бабы 1-бөлігімен (Кәмелетке толмағандар саудасы) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жамбыл облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының екі акушерін анықтап, ұстады" - делінген хабарламада.

Тергеу шаралары барысында акушер мамандар жаңа туған қызды 39 жастағы Тараз тұрғынына 1,5 млн теңгеге сатып жібергені белгілі болды. ҚР ҚПК-нің 128-бабына сәйкес аталған әйелдер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ал баланы сатып алушыға қатысты қолхатпен босату түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Нәресте Тараз қаласының сәбилер үйіне орналастырылды. Тергеу жалғасып жатыр.