Иллюстрациялық фото: pixabay
Тараздағы перзентханада салмағы 5 келі, бойы 62 сантиметр қыз бала дүниеге келді. Бұл туралы Жамбыл облысы Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
19 сәуірде сағат 09:45-те Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталдық орталығының қабылдау бөліміне толғағы қысқан жүкті әйел түскен. Дәрігерлердің қарап-тексеруінен кейін бірден консилиум ұйымдастырылып, онда босандыру әдісі туралы мәселе шешілген.
"Шарана анасының құрсағына басымен емес, жамбас ұшымен, яғни бөкселермен келген және басқа да зерттеулерге қарағанда нәрестенің салмағы әдеттегіден үлкен көрініп тұрды. Мамандардың айтуынша, кейде анасының құрсағына жамбаспен келген үлкен салмақты балалар табиғи жолмен туады және бәрі жақсы болады. Бірақ бұл жағдайда қиындық тудырғаны - ұрықтың үлкен салмағы мен ананың метаболикалық синдромы. Ана мен бала амандығын қамтамасыз ету үшін дәрігерлер шұғыл түрде кесар тілігі арқылы босандыру туралы шешім шығарды", - деді басқарма өкілдері.